Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында 1,5 жасар баланы ұрған тәрбиеші жұмысынан қуылды

Алматы облысында балаға қатыгездік көрсеткен тәрбиеші жұмыстан қуылды. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемесіндегі келеңсіз жайт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Оқиға кеше Іле ауданы Байсерке ауылындағы балабақшаның бірінде болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

тәрбиеші

Кешке қарай кіші ұлының қызарған қолын көріп анасы бірден балабақша меңгерушісіне жеткізіпті. Алайда, кіші топқа бекітілген тәрбиешінің көмекшісі кінәсін мойындамапты. 1,5 жастағы балақайдың ата-анасы тәрбиешінің үстінен арыз жазған. Қазір оқиғаның мән-жайы тексерілуде.

Тәрбиеші түскі астан соң балаларды ұйықтатқан сәтте балақайды ұрып жатқызғаны анық көрінеді. Ағалы-інілі бауырлар бір күн бұрын ғана осы балабақшаға қабылданған екен. 

"Мен ешқандай қолымды тигізген жоқпын. Ешқандай жарақат жасамадым» дегеннен кейін, ол кісінің бейнежазбаны көрейін дегеніне қарсылық білдірмедім. Екеуіміз бірге отырып көрдік. Көрген кезде жаңағы жағдайды байқадым. Енді «Кешірім сұраймын. Алдынан өтемін» деп отыр", - дейді балабақша меңгерушісі Гүлфариза Қасымбекова.

Балабақша меңгерушісі Гүлфариза Қасымбекованың айтуынша, мұнда 150 бала тәрбиеленеді. 2013 жылы ашылған балабақшада осындай келеңсіздік ешқашан болмаған. 

Жекеменшік балабақшадағы жайтты естіген ата-аналар шошып отыр. Ал зардап шеккен ата-ана екі ұлын да балабақшаға әкелмепті. Бір анығы  болған жайтқа қатысты прокуратураға арыз жазған.

Тергеу басталды. Небәрі 10 күн бұрын жұмысқа орналасып, кішкентайға қол жұмсаған Аида есімді тәрбиеші ұшты-күйлі жоқ. Ұялы телефоны сөндірулі. Ал, Іле аудандық білім бөлімінің өз бетінше шара қолдануға құзыры қысқа. Прокуратурадан пәрмен түсуі тиіс.

Аудандық білім бөлімі жекеменшік балабақшаның жұмысына араласа алмайды. Себебі, аты өзі айтып тұрғандай жекеге тиесілі. Қазір жекеменшік балабақшадағы қатыгездікке қатысты істі Іле аудандық прокуратурасы қолға алды. Алдағы уақытта құзырлы органның ұсынысымен балабақшаның қожайынына әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.

Талқылау