Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысы әкімінің орынбасарын тәртіпсіздік кезінде ұрып кеткен

Тәртіпсіздік кезінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашовты әлдекімдер соққыға жығып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы облыс әкімінің кеңесшісі Ғалымұрат Жүкел мәлімдеді. 

Сондай-ақ ол әкім орынбасары қайтыс болды деген таратылған ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.

"Мен бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарамын және оның жағдайы жақсы екенін мәлімдеймін. Мен ол кісімен сөйлестім, ол кісі емделіп жатыр. Жағдайы тұрақты. Ол 5 қаңтарда тәртіпсіздік кезінде жарақат алған", - деді әкімнің кеңесшісі.

Сөзінше, әкім орынбасары халық алдына басу айту үшін шыққан. 

“Наразылыққа шыққан бір тарап өз талаптарын айтса, екіншілері сөзге көнбей, жұдырық ала жүгірген. Олар әкім орынбасарын тыңдамай, ұра бастаған. Бақытымызға орай, оны ашулы топтың арасынан шығарып алған, қазір жағдайы жақсы. Қандай жарақат алғанын айта алмаймын, дегенмін оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ”, – деп қосты Жүкел. 

Оның айтуынша, бүгінде аймақтағы жағдай тұрақталып, Талдықорған қаласының периметрі бойынша және қала ішінде бақылау-өткізу бекеттері орнатылған. Әрбір көлік пен адам тексеріледі. Әкімнің кеңесшісі қала тұрғындарын мәжбүрлеу шараларына түсіністікпен қарауды және үйден шықпауды, комендатураның барлық талаптарын орындауды сұрайды.

Сонымен қатар, Ғалымұрат Жүкел тәртіпсіздіктер кезінде негізгі азық-түлік орталығы саналатын "Алтын Орда" базары да зардап шеккенін айтты. Қазір базар жұмыс істеп тұр, онда қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Еске сала кетейік, қазір Алматы облысында күш құрылымдарының антитеррорлық операциясы жүріп жатыр.

Талқылау