Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы полиция департаментінен қару-жарақ жоғалған соң бірқатар басшылар қызметінен босатылды

Алматы қаласы полиция департаментінің бірқатар басшысы қару-жарақтың жоғалуына байланысты қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ұлттық қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметі

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл шешім тәркіленген қару-жарақ ұрлығына қатысты жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесінде қабылданған. 

"2023 жылғы қылмыстық істер бойынша тәркіленген қару-жарақ ұрлығына қатысты жүргізілген қызметтік тексеру қорытындысы бойынша тәртіптік комиссияның ұсынысына сәйкес, ішкі істер министрінің бұйрығымен Алматы қаласы ПД қызметінің бірқатар басшысы қызметінен босатылды. Сонымен қатар қалалық департаменттің жоғары лауазымды қызметкерлері де жұмыстан шығарылды”, – делінген министрліктің ақпаратында.



Желіде қалалық полиция департаментінде кімдердің тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. 

"Дидар Ахановтың орнына басшының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары болып Қуат Науатов тағайындалды. Сондай-ақ Қайрат Нұрмағамбетовтың орнына тергеу жөніндегі басшының орынбасары болып Рустам Шәрібаев тағайындалды. Басшының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Дәурен Өтебаевтың орнына Ержан Ұзабаев тағайындалды. Қайрат Әміров Ерік Жұмабайдың орнына ОКҚ басшысының міндетін атқарушы қызметіне тағайындалған. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету, тергеу және жедел-криминалистикалық басқармалардың басшылары мен олардың орынбасарлары қызметтерінен айырылды”, – делінген желіде тараған ақпаратта. 

Еске салайық, Ұлттық қауіпсіздік қызметі Алматыдан Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтарды тапқанын мәлімдеді. “Калашников" автоматтарын, тапаншалар мен мылтықтарды қоса алғанда 30 қару-жарақ, сонымен бірге 5 граната, 10 түтіндету құтысы және түрлі калибрдегі 221 патрон алынған.

Талқылау