Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы хостелінде болған өртте 13 адам неге құтқарылмады: Министр түсіндірді

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов өртенген жатақханадан 13 адамды неге құтқару мүмкін болмағаны туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеті минут ішінде жеткен. 10 бірлік техника мен 46 өрт сөндіруші жұмылдырылды.

“Өрт сөндірушілер келген кезде хостел тұрғындарының барлығы өз бетімен эвакуацияланған. Барлау жұмыстарының нәтижесінде жертөледен 13 азаматтың мәйіті табылды. Жертөле тар, тыныс алу қиын болды. Мұның бәрі өрт сөндіру, барлау және адамдарды құтқару жұмыстарын қиындатады", – деді министр Сырым Шәріпханов.

Министрдің айтуынша, өрт жертөле дәлізінде болған.

"Жертөледе өте көп матрац жиналып тұрған. Бұл өрттің қатты болуына әсер еткен. Шынында жертөледе жатқандардың қашып құтылу мүмкіндігі өте аз болды", –  деп түсіндірді төтенше жағдайлар министрі.

Төтенше жағдайлар министрі өрттің қысқа мерзімде сөндіріліп, жойылғанын атап өтті.

"Бұл хостел бір жарым ай бұрын ешқандай рұқсатсыз хостелге айналдырылған. Құрылыс нормалары мен Санпин ережелеріне сәйкес, жертөлелер мен бірінші қабаттарды хостел мен қонақүйлерге бейімдеуге қатаң тыйым салынады. Алайда жалға беруші мұны ескермеген. Ғимарат Халық банкте залогта тұрған Әкімнің, басқа мемлекеттік органдардың, соның ішінде төтенше жағдайлар департаментінің бұл жердің хостелге бейімделгенінен хабары болмаған", – деп толықтырды министр.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адамның қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз. Қаза тапқандардың ішінде 4 шетел азаматы да бар. Кейіннен президент Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты, ал Алматы әкімдігі өрттен қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына 1 миллион теңгеден берілетінін мәлімдеді. 

Талқылау