Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басқа жерге жауған жоқ": Семейде жаңадан салынып жатқан мешіттің күмбезіне ғана жаңбыр жауды (видео)

Семей қаласында салынып жатқан орталық мешіттің алғашқы күмбезі орнатылған уақытта дәл үстіне «Алланың нұры» жаңбыр жауды. Оқиға куәгерлері ғажайып сәтті видеоға түсіріп үлгерген. Имамның сөзінше, күмбез орнатылған бойда жаңбыр да сап тыйылыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Табиғаттың еріксіз таңғалдыратын құбылысы түсірілген видеодан жаңбырдың тек күмбездің үстіне жауып тұрғаны анық көрінеді.

«Міне, Алланың мұғжизасы. Бірінші күмбезді қойғанда бүкіл Семей өңіріндегі осы мешітімізге Алланың нұры – жаңбыр жауып тұр. Семейдің ішінде тек осы күмбездің үстіне жаууда. Үш метр жерде жаңбыр жоқ. ... Күмбез қойылды, жаңбыр да басылды», - дейді кадр сыртында видео авторы, «Тас мешітінің» бас имамы Нұрбек Нәзірұлы.  

Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берген «Тас мешітінің» бас имамы Нұрбек Нәзірұлы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Белгілі болғандай, бүгінде қаладағы орталық мешіттің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ерекше құбылыс дәл осы жерде орын алған екен.

«Бұл Семей қаласындағы орталық мешіт болады. Үлкен, зәулім мешіт. Шамасы 2008-2009 жылдары бәріміз мал сойып, мешіттің фундаментін құйып бастаған едік. Содан кейін, Алланың қалауымен, бір себеппен мешіттің құрылысы тоқтап қалды. 10 жылдан кейін Алланың рахымымен бақытты адам соны бастап, қолға алып, 2020 жылы бітіретінін айтып жатыр. 

Көптен бері салынын жатқан мешіт болғаннан кейін, бірінші күмбезін орнатқалы жатқанда «сағынған мешітіміз ғой» деп дұға жасауға шақырды. Сол мешітке барғанда егемендігіміз, тыныштығымыз үшін, Семейде он төртінші мешіттің салынғалы жатқанына Аллаға шүкіршілік етіп, дұға қылдық. Күмбезді көтеріп, қойғалы жатқанда сол жерге төбемізден бұлт келіп, жаңбыр себелей бастады», - дейді имам.

Бас имамның сөзінше, жаңбыр мешіттің күмбезін көтере бергенде ғана себелей бастапты. Бастапқыда жаңбыр жауып жатқанын ешкім сезбеген. Сондай зиянсыз, жылы жаңбыр болды, дейді.

«Енді оны мұғжиза дегенмен, неше түрлі жаңбырды көріп жүрміз. Мына жаңбыр өте ұсақ болды. Періштелер таласып, «тура сол күмбездің үстіне жауыңыз» дегендей, сондай зиянсыз, жылы жаңбыр болды. Оның жаңбыр екенін де сезбедік», - дейді Нұрбек Нәзірұлы.

Тағы бір кереметі – мешіттің күмбезі орнатылған бойда жаңбыр да тоқтаған екен. Имамның айтуынша, сол сәтте кемпірқосақ та пайда болған.

«Жауып жатқан нәрсені сезіп, бір-бірімізге айтып қарасақ, күмбез орнатыла салысымен жаңбыр басылды. Бұл Алланың рахымымен бізге беріп жатқан жауабы ғой. Себебі мұғжиза көп. Бізге 24 сағат бойы мұғжизалар көрініп жатады. Адамның бүкіл басы да мұғжиза. Бірақ біз соны көзіміз перделеніп қалғаннан, жамандық көбейгеннен көре алмай жатырмыз. «Қай қала жақсы? Мешіті көп қала жақсы» дейді. Алла Тағала осындай мешіттермен көз перделеріміздің ашылып, барша әлемдегі қалалардың жақсы болуын нәсіп етсін!» - деп тілегін білдірді «Тас мешітінің» бас имамы.

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау