Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлі қамсыз, әлі ойсыз": Ақбота Керімбекова су тасқынына салғырт қараған билік өкілдеріне шүйлікті

Танымал әнші Ақбота Керімбекова елімізде болып жатқан табиғи апаттарға қатысты билік басындағыларды сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/botakerim/

Өнер иесі жеке парақшасында жазба жариялап, халыққа қолдау білдірді. 

“От пен судың ортасында өтіп жатқан қайран қазақтың өмірі-ай… Су астында қалған өңірлердің бәрін гастрольдермен жүріп өткем, өнерге, қазақ әніне сонша іңкәр тұрғындарымен дидарласқам… Сондай қарапайым, сондай тәубешіл, ешкімге зардап-зияны жоқ жұртыма төне беретін бұл не қатер?! Айналып келіп жапа шегіп жатқан ауылдағы, елдегі өз күнін өзі көріп отырған бейнеткеш халық. Қирап жатқан, шаңырағы ортасына түсіп жатқан бай-манаптардың тас қамалдары емес, ырқыл-жырқылдан жырақта, қоңырқай тіршілік етіп жатқан, бит терісін биялай қылып, қабырғасын қалап, сонысына шүкір етіп жүрген жаны жабырқау жұрттың жалғыз баспаналары… Ол үйлер қарашаңырақ еді, бабадан қалған, әкеден қалған көз еді, құттыхана мешіт еді, елдегі ағайынның жалғыз жұбанышы еді. Қазақ даласында бұл үйлерден асқан жомарт, кең шаңырақ болмаған шығар, сірә. Мынау салғырттық соның бәрін аяусыз қиратқандай. Әлі қамсыз, әлі ойсыз, бірақ. Соңғы сенімнің жібін үзсе де жүздері жарқын", – деп алаңдады эстрада жұлдызы. 



Сондай-ақ өнер иесі табиғи апаттың алдын алып, ертерек қамданбаған билік өкілдерін сынады. 

“Әлі алдап келеді. "Қауіп жоқ" деген сайын өршеленген су жан-жақты жайпап барады. Сонда да мына біреулер өтірік алдарқатуын доғарар емес!.. Қашан ел боламыз?! Қазақтың өзегін зардан, көзін жастан құрғатпау ғұмырлық миссиялары ма?! "Ескі-жаңа" деп есі кеткен есерлердің құлқынын тескен қазақ қашан қамсыз күн кешеді?! Қолыңды төбеңе қойып, безіп кеткің келеді кейде, біздің қолдан келер қайран не?! Қалың ел, қайран жұртым-ау, сіздерді қалай жұбатарымызды білмейміз", – деп жазды өнер иесі. 

Айта кетейік, еліміздің батысы мен солтүстігінде су тасқыны болып, халық қауіпсіз жерге көшірілген еді. 

Еске салайық, елімізде су тасқыны салдарын жою әлі де жүріп жатыр. Қазір 3745 жеке тұрғын үй су астында қалып отыр. 

Талқылау