Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әли Әлиев: 20 миллион халықтың сенімі тұрғанда тегін жұмыс істеуге дайынмын

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Әли Әлиев өз жалақысы туралы сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

"Маған елімді таныстыру құрметі бұйырды, және мен Марат Талғатұлымен (Омаровпен) ешқандай сома туралы сөйлескен жоқпын. Қандай жалақы бекітсе, сонымен жұмыс істеймін. Егер мүлде бекітпесе, бәрібір жұмысымды жалғастырамын. Артыңда 20 миллион халық тұрғанда, келісімшарт сомасы туралы сөз қозғау орынсыз. Станислав Саламовичтің жалақысы менің құзыретіме кірмейді, сондықтан оны талқылай алмаймын", – деді Әлиев.

Өз сөзінде Әли Әлиев мырза бұған дейін бас бапкер болған Станислав Черчесов жайлы да айта кетті. Ресейлік маманның ұлттық құрамадағы нәтижесі нашар болғанымен, командадағы ішкі тәртіпті дұрыстай білді деп есептейді.

“Станислав Саламовичтің әріптесі ретінде мен оның жетістіктерін қолдадым. Ол Ресей құрамасымен жақсы нәтижелерге қол жеткізді, Польша мен Венгрия чемпионаттарында жеңіске жетті. Өз әдістемесінде әрдайым тәртіп туралы айтатын. Бұл тәртіп Оразов пен басқа да ойыншылар белгілі бір жағдайлар үшін шеттетілген кезде көрінді. Оның жұмысын жанкүйерлер бағалауы керек”, – деді қазақстандық маман.

Еске сала кетейік, ресейлік маман Станислав Черчесов қызметінен босатылғаннан кейін Әли Әлиев бас бапкердің міндетін атқарушы болып тағайындалған еді. Ресейлік маман Қазақстанда жұмыс істеген кезінде БАҚ-та Черчесовтың жылына 1 миллион еуро жалақы алатыны туралы жазылған еді.

Талқылау