Әлеуметтік желіде отыру жалғыздық сезімін күшейтеді: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қақты
Фото: freepik.com
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) әлеуметтік желілер, мессенджерлерде үнемі онлайн болу жастар арасында жалғыздық сезімін күшейтіп жатқанын мәлімдеді. Ұйым мамандары бұл мәселенің денсаулыққа үлкен қауіп төндіретінін алға тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
ДДСҰ деректері бойынша, 29 жасқа дейінгі жастардың 17-21%-ы жалғыздық сезімін тұрақты түрде бастан кешіреді. Онлайнда үнемі байланыста болғанымен, "зумерлер" өздерін оқшау, күйзелісте сезінеді. Әсіресе бұл сезім өтпелі кезеңдерде мектеп ауыстырғанда, университетке түскенде немесе басқа қалаға көшкенде күшейеді.
Максат Дүкенбай есімді студент осыны өзі де бастан өткерген. Оқу үшін басқа қалаға көшкен ол жаңа әлеуметтік байланыстарды қайта құруға мәжбүр болды. Желіде еркін сөйлесе алатын ол, нақты өмірде жаңа адамдармен танысу қиын болғанын мойындайды.
"Алғашқы айлар өте қиын болды. Айналамда адамдар көп болса да, шынайы қарым-қатынас болмады. Сағаттап телефонға қарап отыратынмын. Бұл жеңіл сияқты көрінетін. Бірақ шын мәнінде жағдай тек ауырлай берді. Кейін түрлі кездесулерге барып, студенттік жобаларға қатыса бастаған соң, жалғыздық та жоғалды, достар да табылды", – деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Максат Дүкенбай.
Мамандардың айтуынша, сандық байланыс шынайы әлеуметтік қарым-қатынасты алмастыра алмайды. Өзгелермен көзбе-көз араласпаса адам өз-өзіне тұйықталып қалады.
"Адам – әлеуметтік жаратылыс, бізге қарым-қатынас керек. Неге десеңіз, ең алдымен, сөйлесу арқылы бізде эмоционалдық интеллект дамиды. Яғни, өз эмоцияларымызды басқара аламыз. Қиын жағдайларға икемді бейімделеміз, күйзелістен оңай шығамыз", – деді психолог Анастасия Утинанс.
Ұзақ жалғыздық физикалық денсаулыққа да кері әсер етеді. Ол жүрек-қан тамырлары ауруларының, инсульттің, қант диабетінің, есте сақтау және ойлау қабілеттерінің нашарлауының қаупін арттырады. Мұның бәрі эндокриндік жүйеге ауыр соққы береді.
"Ағзада артық мөлшерде кортизол, яғни стресс гормоны бөлінеді. Эндокриндік жүйе эмоционалдық күйге өте сезімтал. Адам ұзақ уақыт бойы қорқынышта, уайым мен жалғыздықта болса – ағзада біртіндеп зиянды реакциялар тізбегі іске қосылады", – деді эндокринолог дәрігер Эминжан Олжаев.
Психологтар сандық технологиялар мүмкіндіктерді кеңейтетінін, бірақ тірі қарым-қатынас болмаса олар жан мен дене үшін тұзаққа айналуы мүмкін екенін ескертті.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
