Әлеуметтік салаға 10,7 трлн теңге бөлінеді: Үкімет үш жылдық бюджет жобасын мақұлдады
Фото: pixabay.com
26 тамыздағы үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Тәкиев 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырды. Құжатты министрлер кабинеті мақұлдап, парламентке жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәди Тәкиев бюджет жобасы елдің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленгенін атап өтті.
"2026 жылы кірістер 23,1 трлн теңге болып, 2028 жылға қарай 27,6 трлн теңгеге дейін артады, шығыстар 27,7 трлн теңге болады. Бюджет тапшылығы 2026 жылғы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-ынан 2028 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 0,9%-ына дейін кезең-кезеңімен төмендетіледі", – деп мәлімдеді ол.
Әлеуметтік саланың шығыстарына 10 триллион 725 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат зейнетақы мен жәрдемақыларды индексациялауға, төлем алушылардың санын арттыруға, студенттерді қолдауға және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыруға бағытталады.
"Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың контингенті 288 мың адамға артады. Шәкіртақылар ұлғайтылады, ал бюджет есебінен оқитын студенттер саны 19 392 адамға артады. 2026 жылы міндетті медициналық сақтандыруға аударылатын жарналар медианалық жалақыға қарай есептелетін болады", – деді Тәкиев.
Айта кетейік, үкіметтегілер 2026 жылы инфляция 10 пайыз деңгейінде болады деп болжап отыр.
Бұған қоса министр бюджет ұзақ уақыт ішінде алғаш рет Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді пайдаланбай теңдестірілгенін атап өтті.
"Шығындарды оңтайландыру және басымдық беру бойынша жұмыс жүргізілді. Оңтайландырылған қаражат нақты секторға бағытталды. Экономиканың өсуін ынталандыратын шығыстар 10,9% -дан 16,1%-ға дейін ұлғайып, 4,470 трлн теңге болды. Өңірлердің дамуына тікелей әсер ететін жобаларға "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ арқылы 1 трлн теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарлануда", – деді Мәди Тәкиев.
Экономиканың нақты секторын қолдауға арналған шығыстар – 3,6 трлн теңге. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 732 млрд теңге, көлік инфрақұрылымына 855 млрд теңге бағытталмақ. Республикалық жолдарды салуға тағы 580 млрд теңге мемлекеттік кепілдіктер тетігі арқылы тарту жоспарлануда. Күштік блок шығыстарына 3 трлн теңгеден астам қаржы көзделген.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
