Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы қызметінен кетті
Әбілқайыр Сқақов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы қызметінен кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
Павлодар облысының бұрынғы әкімі ұйымды 2023 жылдың қыркүйегінен басқарды. Сқақов Қор басшысы қызметінен кеткенін әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
"Бүгін мен "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" АҚ басқарма төрағасы қызметінен ресми түрде кеттім. Бұл менің алдын ала ойланып шығарған байсалды шешімім. Мұндай маңызды ұйымды басқару – үлкен жауапкершілік. Мен үшін денсаулық сақтауды қаржыландыру саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үлкен мәртебе болды", – деп жазды Сқақов.
Сондай-ақ ол қордың барша ұжымына қолдауы мен жұмысына алғыс білдірді. Бұл ретте ол ұйым жұмысын қадағалаған журналистерге, депутаттарға және барша қазақстандықтарға алғысын айтты.
"Мәселелерді ашық талқыладық, әңгімеміз кейде қызу болғанымен, бізді – МӘМС-ті жақсарту деген мақсат біріктірді", – деді ол.
Еске салайық, Сқақов 2020 жылдың басынан 2022 жылдың соңына дейін Павлодар облысының әкімі болған. Ол 2023 жылдың қыркүйегінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы болып тағайындалды.