Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлем аруы" атанған мексикалық аруды өз халқы сынға алып, тәжді басқаға беруді талап етті

Фото: Фатима Бош мексикалықтар наразылық білдірдіФото: https://www.instagram.com/fatimaboschfdz

Әлемдегі ең әдемі ару атанған Фатима Бош өз елінде сынға ұшыраған. Мексикалықтар “Әлем аруы Мексика” байқауында Фатиманы жақтырмай, тәжге басқа қатысушы лайық екенін айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Әлем аруы” байқауының жеңімпазы атанған Фатима Бош өз елінде сынға ұшырады. Gulf News мәліметінше, оны халық “Әлем аруы Мексика” конкурсында жамандап, тәжді басқа қатысушыға беруді ұсынған.

Ол халықаралық “Әлем аруы” байқауына Таиландқа аттанбас бұрын, алдымен “Әлем аруы Мексика” атағын алу керек болған. Ол бұл титулды жеңіп алды, бірақ оның жеңісі өзге қатысушылар мен көрермендердің көңілінен шықпады. Көпшілігі жеңіске нағыз лайық қатысушы – “Мисс Халиско” Йоана Гутьеррес деп санады.

Фатима Бош “Әлем аруы Мексика” тәжін алу үшін сахнаға шыққанда, оны құттықтауға ешкім жақындамаған. Ашулы көрермендер наразылық білдірсе, қарсыластары “Жеңімпаз – Халиско!” деп ұрандатқан.

Бош мұндай теріс пікірлерге мән бермеуді жөн көрген.

“Мұндай жағдай кез келген ересек адамды еріксіз мектеп оқитын әлсіз балаға айналдырады. Бірақ біздің ішкі күйіміз өзгелердің пікірінен тәуелді болмауға тиіс”, – деді ол. 

Айта кетейік, бұған дейін Таиландтың астанасы Бангкок қаласында өткен “Miss Universe – 2025” халықаралық сұлулық байқауының финалында мексикалық Фатима Бош “Әлем аруы” атанғаны хабарланған еді.

Еске салайық, “Miss Universe” сұлулық байқауының биылғы маусымында үлкен дау шыққан еді. Бангкоктағы қатысушылар орналасқан қонақүйде жоғары лауазымды ұйымдастырушы “Мисс Мексика” атағын иеленген бойжеткенді көпшілік алдында қорлаған. Осы оқиғадан кейін өзге қатысушылар наразылық білдіріп, залдан шығып кеткен.

Жанжалдың сәті түсірілген видеолар әлеуметтік желіде тез тарап, қызу талқыға түсті. Көпшілік бұл сәтті “Miss Universe” тарихындағы ең батыл әрекет” деп атады.

Балнұр Жұмаділла
Жұма, 21 Қараша, 2025 23:16
Талқылау