Александр Винокуров Абзал Әжіғалиевке күтпеген сыйлық жасады
Қазақстандық шорт-трекші, қысқы Олимпиада ойындарының қатысушысы Абзал Әжіғалиев Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың үйінде қонақта болып қайтты. Велоспортшы Әжіғалиевтің желідегі жазбасынан кейін оған қолдау көрсетуді құп көріп, велосипед сыйлады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әжіғалиевтің айтуынша, Винокуров оған белгісіз нөмірден хабарласып, тосын-сый жасаған.
"Қоңырау шалған Александр Винокуровтың өзі болып шықты. Менің постымды оқып, қолдап, Олимпиададағы жоғары көрсеткішіммен құттықтау үшін үйіне шақырды. Оның хабарласуының өзі күтпеген жайт болды. Маған велосипед сыйлайды деп тіпті ойламаппын", - деп бөлісті шорт-трекші.
Спортшының айтуынша, Винокуров оны дастархан жайып күтіп алған. Спортқа қатысты кеңестерімен бөліскен.
"Велосипед жайлы өтінішін қолдап, мен қолдамасам, кім қолдайды?" – деген сөздері ерекше есімде қалды. Александр расымен де артық сөзсіз мәселені шешкен алғашқы адам болды. Еуропадан велостанок жіберуге уәде берді", – дейді спортшы.
Винокуров Әжіғалиевпен түскен суретін өз парақшасында бөлісті.
"Осы велосипед оған сәттілік алып келіп, жеңіске жетуіне көмектеседі деп үміттенемін", - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Абзал Әжіғалиев қыстың басты додасында неліктен жүлде жеңе алмағандарын түсіндіріп, бірнеше себебін келтірді. Спортшының сыны жауапсыз қалмады, көп уақыт өтпей Спорт министрлігі өз жауабын берді.
"Оның сөзінше, Қазақстанда шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін тек "Алау" мұз сарайы ғана бар екен. Алайда мұнда да тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмейді", деп өкінді спортшы.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
