"Денсаулыққа қауіп төндіреді": депуттаттар дәстүрлі емес медицина саласын заңнамалық тұрғыдан реттеуді ұсынды
Фото: ҚР Парламенті
Сенат отырсында депутаттар елімізде дәстүрлі емес медицина саласында нақты заңнамалық реттеу шаралары қарастырылмағанын айтып, үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенатор Бибігүл Жексенбай елімізде дәстүрлі емес медицина әдістеріне, соның ішінде фитотерапия, гомеопатия, акупунктура және басқа да баламалы емдеу тәсілдеріне халықтың қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, “бұл құбылыс азаматтардың емдеу әдістерін таңдауда табиғи және қолжетімді тәсілдерді іздеуімен байланысты”.
Алайда бұл сала бойынша нақты заңнамалық реттеудің болмауы пациенттердің қауіпсіздігі, мамандардың біліктілігі және көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты мәселелер туындатады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда дәстүрлі емес медицина саласын реттейтін арнайы нормативтік-құқықтық актілер жоқ. Денсаулық сақтау саласындағы құқықтық негіздерді айқындайтын негізгі құжат – 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексі. Алайда бұл Кодексте дәстүрлі емес медицинаға қатысты нақты ережелер қарастырылмаған. Бұл осы салада құқықтық вакуум қалыптастырады”, – деп мәлімдеді ол.
Келтірілген дерекке сүйенсек, 2006 жылға дейін дәстүрлі емес медицина практиктерінің қызметін реттейтін белгілі бір нормативтік актілер болған. Олардың ішінде лицензиялау және сертификаттау рәсімдері де болатын. Алайда бұл құжаттардың күшін жоюымен дәстүрлі емес медицина саласындағы қызмет тиісті құқықтық бақылаусыз қалған.
Бибігүл Жексенбай бәстүрлі емес медицина саласын нақты заңнамалық реттеудің болмауы бірқатар мәселе туындататынын атап өтті. Атап айтқанда:
- Пациенттердің денсаулығына қауіп, яғни дәлелденбеген немесе қауіпсіз емес емдеу әдістерін қолдану адам денсаулығының нашарлауына, аурудың асқынуына әкеледі және бұл денсаулық сақтау саласына қосымша ауыртпалық тудырады.
- Практиктердің біліктілігінің жеткіліксіздігі және білім мен сертификаттауға қойылатын талаптардың болмауы тиісті дайындығы жоқ адамдардың дәстүрлі емес медицина практикасымен айналысуына, тіпті кейбір кездері алаяқтыққа жол беруі мүмкін.
- Бақылау және жауапкершілік механизмдерінің жоқтығынан пациентке зиян келтірілген жағдайда, жауапкершілікке тарту және зардап шеккендердің құқықтарын қорғау үшін нақты механизмдер жоқ.
“Халықаралық тәжірбиеге сүйенер болсақ, Германия, Қытай, Үндістан сияқты бірнеше елде дәстүрлі емес медицина ресми денсаулық сақтау жүйесіне интеграцияланып, қатаң бақыланады. Мәселен, Қытайда дәстүрлі емес медицина арнайы заңмен реттеледі, дәрігерлер мемлекеттік сертификаттау жүйесінен өтеді. Германияда гомеопатия мен натуропатия тек жоғарғы медициналық білімі және қосымша біліктіліг бар дәрігерлерге рұқсат етіледі. Оңтүстік Кореяда корей дәстүрлі медицинасы бойынша алты жылдық жоғары білім беріледі. АҚШ-та альтернативті медицина тек лицензияланған бағыттарда ғана рұқсат етіледі. Пациент емдеудің қауіптері туралы міндетті түрде хабардар етіледі”, – деп депутат халықаралық тәжірбиден мысалдар келтірді.
Ойын түйіндей келе, сенатор дәстүрлі емес медицина саласындағы қызметтердің сапасын арттыру үшін мынадай шаралар қабылдауды ұсынды:
- Туындайтын тәуекелдерді ескере отырып, осы саланы заңнамалық реттеу шараларын қабылдауды қарастыру;
- Дәстүрлі емес медицина практиктері үшін лицензиялау және сертификаттау жүйесін енгізу, міндетті оқыту және біліктілігін растауды қарастыру;
- Сертификатталған дәстүрлі емес медицина қызметі орталықтарының бірыңғай цифрлық платформасын жасауды қарастыру;
- Ғылыми зерттеулер мен дәлелдерге негізделген рұқсат етілген әдістер мен практикалар тізілімін жасау, қолдануға болатын әдістерді, мамандарға қойылатын талаптарды, емдеу шарттарын нақтылау, уәкілетті мемлекеттік орган тарапынан дәстүрлі емес медицина мамандарының қызметіне ұдайы бақылау және қадағалау жүргізу;
- Халық арасында дәстүрлі емес медицина қызметтеріне жүгінген кезде мүмкіндіктер мен қауіптері және құқықтары туралы ақпараттық ағартушылық жұмыстарды кеңінен жүргізу.
Сенатордың пайымдауынша, “бұл шаралар азаматтардың денсаулығын қорғауға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және тиімді әрі қауіпсіз дәстүрлі емес медицина әдістерін көлеңкелі аймақтан шығаруға мүмкіндік береді”.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
