Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алашорданы зерттеп, Әл-Фарабидің еңбектерін оқиды: Еліміздегі ең жас жазушы әрі вундеркинд бала Өскеменде тұрады

Еліміздегі ең жас жазушы Ералы Пазылбекұлы Шығыс Қазақстан облысына қарасты Глубокое ауданында тұрады. Төрт жасында әріп танып, бірден көңілі қалаған кітаптарды оқуға кіріскен. Қазірдің өзінде қоғам дертіне айналған телефон мен гаджеттердің зиянды тұсын түрлі деректермен салыстыра отырып, сағаттап түсіндіріп беруге бар. Жуырда "Ералының ертегілері" атты кітабының тұсауы кесілді. Stan.kz тілшісі есейгенде не жазушы, не ғалым болуға бекінген оқушымен, жақындарымен емен-жарқын әңгімелескен еді.

Бойындағы қабілеті қанмен берілген

Ералы – А.С.Пушкин атындағы кітапхананың тұрақты оқырманы. Кішкентайынан Анасы Гүлнұр Зұлқаршынқызы қолынан жетектеп, сөредегі алуан түрлі кітаптармен таныстырды. "Балам, мынаны оқи ғой" деп ұсыныс айтқан емес. Кейіпкеріміз көңілі соққан том-том кітаптарды қолына алып, өз бетінше мазмұнымен танысып жүрді. Арада бірнеше жыл өткенде орта ғасыр ғұламаларынан бастап, алашордашылардың еңбектеріне ден қойған. Тұсаукесер рәсіміне келген меймандар түрлі баға берді. Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО бойынша филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев вундеркинд десе, "Алаш" сыйлығының иегері Бақытжан Райсова қаршадайынан қазақ тілінің қамын ойлаған ұл деді. Бала күнінен ауаны прозаға ауған жеткіншектің айтуынша, өзінше сараптай білетін бүлдіршіндер де қоғамға ой тастай алады. 

"Кітаптар оқып, шығарма жазудың астарына үңілгенде басыма түрлі ой келді. Сегіз жасқа толғанда "Неліктен өзім әңгіме жазып, өзгелерді оқытпасқа?" деп ойладым. Аз-аздап параққа түсіргендерім соңында осындай кітап болып шықты. Ең алғаш ертегімді жазғанда дәл осы кітапханада бірінші орын алдым. Содан бастап анам екеуіміз басқа ертегілердің тақырыбын ой таразысына сала бастадық", – деді Ералы.

Анасы Гүлнұр Зұлқаршынқызы да шығармашылықтың адамы. Өңірге белгілі ақын әрі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Өзі де кітапхана қызметкері болғандықтан оқу-білімге ынтасы ерек. "Ұлым кішкентайынан Әл-Фарабиге еліктеді" дейді анасы.

Өзі Қытайдағы Алтай өлкесінің тумасы. Жұбайы Пазылбек Файзрахмановтың кіндік қаны талантты жазушылар өмірге келген Катонқарағай өңіріндегі Шыңғыстай ауылында тамған. Әдебиет пен білімді ұштастырған отбасы Глубокое ауданына қарасты Прапорщиково ауылында тұрады. Ералы сондағы Д.Қонаев атындағы орта мектебінің 4-сынып оқушысы. Өмірге тоғыз бала әкелген әжесі әркез батасымен жолын ашады. Белгілі болғандай, бойындағы қабілет қанмен берілген. 

"Кішкентайынан өте ерекше бала болды. Үш-төрт жаста ұшқын берген қабілетін көпке көрсетпедік. Тіл-көз деген бар ғой. Ол уақытта "Асыл арна" үнемі қосылып тұратын, – деді Гүлнұр Зұлқаршынқызы. – Назары соған ауып, ақыры дұға-сүрелердің барлығын жаттап алып бізге айтып жүрді. Мәдениет саласында жұмыс істеп, кітапханаға ауысқанда ұлым алдымен балаларға арналған әңгіме-ертегілердің барлығын оқыды. Кейін ой-өрісі кеңейіп, ересек адамдардай сөйлеуді әдет қылды. Үйге келген қонаққа "кіріп отырыңыз" деп емес, бірден "төрлетіңіз" деп қазақилыққа басты".

Шығармалары шынайы өмірден алынған

Осыдан соң біртіндеп Әл-Фарабидің еңбектеріне ойысты. Философияға негізделген "Қайырымды қала тұрғындары" трактатын оқығанда жақындары бірден түсініп кететіндігіне күмән келтіріпті. Сондай сөз жиілеген кезде "Сіздер қайдан білесіздер? Мен мұны түсінемін" деп мақсаты айқын екенін бірден аңғартқан. 

"Бар ғылымды игерген Әл-Фараби сияқты болғысы келетін. Таланты қай жерден тамыр тартады деп үнемі бас қатырып жүрді. Бірде маған келіп: "Анашым, Әл-Фарабидің ұшқыны сегіз жасында келіпті. Міне, тоғызға аяқ бастым, менікі неге келмейді?" деп сұрақты төтесінен тартты. "Сенікі де келеді" деп жұбатып қоямын. Ұлым алдағы 10-20 жылды тезірек еңсергісі келгендей қазірден "Ғылымға бет бұрамын ба, әлде жазушы боламын ба?" деп жиі сұрайды. Ұлы ғұлама туралы мультфильмді толық көріп шығып, талант деген бір жақтан ұшып келеді деп ойлады", – деді анасы.

Ералы шабыты тасып, ойы жинақы кезінде бір ертегісін жазуға 10-12 минут жұмсайтынын айтты. Мұндай жеделдігін жақындары мен таныстарына тезірек қолұшын беруге асығатындығымен байланыстырды. Қалайша? Кейіпкеріміз телефон мен гаджеттер жастар мен балаларды қоғамның зиянды әрі теріс жағын көптеп көруге негіз болатынын айтып, сауатты дүниелер ертегілерден бастап, әдебиет атты теңізден сүзуге шақырды.

"Ертегілерімнің көбі шынайы өмірден алынған. Соған қиялымды қосып, оқиға желісін өрбітемін. Гаджеттердің түр-түрі бар, телефондар да әр жылы жаңарып шығады. Олар өзіне телмірген адамның көзін байлап, өзіне тартады. Өзім күніне жарты сағат уақытымды ғана жұмсаймын. Әйтпесе телефонға көп қарау көздегі эмальды құртады. Playmarket қосымшасында ойынның сан түрі бар. Соған шектен тыс ден қою жындылыққа әкеледі", – деді кітап авторы.

Қазірдің өзінде Ералының оқырмандары қалыптасқан. Сыныптастарынан бастап, ұстаздары, туыс-туғандары һәм балалар шығармашылығымен айналысып жүрген жандар. Университетте оқытушы болып жүрген ағасы Парасат Зұлқаршынның айтуынша, інісінің жазған ертегілерін оқып отырып, жүзіне күлкі үйірілді. "Тоғыз жастағы бала не жазуы мүмкін?" деген ой оның да санасына сұрақ болып қонғаны рас. Кейін түйді бәрін – ертегі болса да, елді елең еткезіндей екен. Айталық, "Кітаптар мұңы", "Көгершіннің балапандары" сияқты әңгімелері XXI ғасырдың өткір мәселелерін қамтыған. Тілге деген құрмет, құстарға деген қамқорлық бала ойымен нақпа-нақ берілді. "Ғажайып саяхат" деп аталатын ең алғаш жазған ертегісі "Қазақ әдебиеті" газетінің 17 ақпанында шыққан санында жарық көрді. Редакция ұжымы да кейіпкерімізді "ең жас жазушы" деп атап өтті.

Ұлт зиялыларына деген зейіні ерекше

Тағы бір қызық жайт, Ералы есепке жүйрік. Анасы күндіз ұлы бас қатырар есептерді бірінен соң бірі шешсе, кешкісін кітап оқып, қорытып болған соң жазу үстеліне отыратынын айтты. Демек, кітап авторы керек болса ертегілерін математикалық дәлдікпен жаза алады. Жас прозашының жүріп өткен жолы бұған дейін ара-тұра кедергілерге ұшыраған. Көзілдірік таққан, ешкімге қақ-соғы жоқ жеткіншекті мектепте әрлі-берлі өткен кейбірі қағып өтіп, кейде "сен әлсізсің" деп бетіне басқан кездер де болыпты. Ералы сол күні үйде тұйықталып, жүрегі маза таппай қиналады. Сыныпта балалармен көп ойнай қоймайды.

"Ералыны тәрбиелеу өте қиын, жаны нәзік бала. Қателік жасап, тіл алмаса ұрудан бұрын, ұрсуға келмейді. Түбінде өз дегенін іске асырады. Бірақ та жаратылысының сондай болғанына қуанамын. Ата-аналардың көбі өзіне қолайлы баланы жақсы көреді. Иә, көнбіс бала тәртіпті, ересектерге қарсы келмейді. Бірақ ертең қоғамға үн қосу кезінде ойындағысын жеткізе алмайды. Бұл жерде бетімен кеткен бала меңзегенім емес, дұрыс бағыттап отыру керек", – деді Гүлнұр Зұлқаршынқызы.

Ералының әкесі Пазылбек Жүсіпбекұлы істің адамы. Әкелік ықпалын көрсетіп, ұлына үнемі тілеулес. Шығармашылық жоспарына араласпаса да, қолдауын аямайды. Демек, жас прозашы арада жылдар өткенде поэзияға да қызығушылық білдіруі ғажап емес. Себебі, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін сүйіп оқиды. Алашордашылардан Әлихан Бөкейханнан бастап, басқа да қаншама зиялылардың өмір жолы мен еңбегін зерттеуді әркез қаперде ұстайды. Кітапханадағы құнды еңбектерді қолына алғанда санасында сағым берген сауалдардың бірі – Алашорда үкіметі қалай құрылды?

Жуықта оңашада отырып Түркиядағы зілзаланы ойға алған. Қолындағы заты – кәдімгі балалар құрайтын конструктор. Бауырлас елдегі жағдай Қазақстанда қайталанса, жер асты дүмпуіне төтеп берер үйлер салу үшін не істеуге болады деп бас қатырса керек. Одан қалса, ата-анасы мәңгі жасау үшін әлдебір дәріні ойлап табуды жоспарлайды. Қысқасы, қиялының шеті мен шегі көрінбейді. 

"Ералының ертегілерін" дайындап, басып шығаруға кеткен уақыт – екі-үш айдың жүзі. Ішіне өзі жазған он ертегі енген. Балақай мұнымен тоқтап қалмақ емес. Өзі айтқандай, қазір жадында жүрген өзге де қоғамдағы мәселелерді қамтиды.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ
 

Талқылау