Ақын: Қоянбаевтың бағдарламасы «өзі айтып, өзі күлетін» анекдоттағы чукча дәрежесіне түсті
Кезінде “Алтын Орда” деген мықты газетті шығарған белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлы қазақтың бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарын оңдырмай сынаған. Ол, әсіресе, телевизияның халі мүшкіл екенін айтыпты.
Мейірхан Ақдәулетұлы бұлай деп “Әдебиет порталына” берген көлемді сұхбатында мәлімдеген.
“Біздің БАҚ деңгейі өте төмендеп кетті. Сын мүлде жоқ. Сын түгілі, төрт аяғын тең басқан, сауатты аналитика жоқ БАҚ-та. Қазақ теледидары өте жеңілтектеніп, «әйда, шаптан» өзгені білмейтін атқосшысының деңгейіне түсті. Сосын, көшірменің. Жұмекен айтады ғой «Кей жұрттардың Құдайы да — көшірме» деп, солай боп тұр. Теледидар Ресейдің нашар жобаларының «а ля қазақ» түріне айналып болды, тіпті, Қоянбаевтың бағдарламасы «өзі айтып, өзі ғана күлетін», анекдоттағы чукча дәрежесіне түсті, ал фильмдердің дарынсыздығы, қазақтарының қазақшаға ұқсамайтын тілі мен қылығы айтарға ұяларлық деңгейге жетті. Тек «Балапанға» ғана «шүкір» деп отыра береміз.
Осындай жағдайда біз қалай рухани түлемекпіз? БАҚ ең алдымен қазақ тілін бұзып сөйлеп, надан тобырды сол мүгедек тілге үйретіп отырса, қазақы сериалдың өзі өте жасанды, ақымақ қана иланарлық дәрежедегі «оңай» деңгейге көшсе? Мұны түсінуге де болады — теледидар оңай ақша жасауға көшті: жобаны тез игеру керек!.. Мұны көрген қазақы көрермен не күйде отыр? Дәл осы деңгей қазаққа лайық па? Әлде, телебосстардың кәсіби, интеллектуалдық, біліктілік деңгейінің жеткен жері осы ма?.. бәрін «чукчаға жарайды осы…» деңгейіне неге түсірдік? Мына көрермен (қазақ!) сол теледидардағылардан төмен деңгейде ме? Мұны жаңа басшылар да ойламайды-ау деймін” деп ашына сөйлепті ақын.
Тағы да оқыңыз: