Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік зейнеткер ескі заттардан көлік құрастырып шығарды

Фото: Stan.kz

Ақтөбе облысы Қобда ауданы Сарбұлақ ауылында тұратын 65 жастағы Самат Раимов қоқыста жатқан темір-терсекті кәдеге жаратып, өз қолымен көлік құрастырды. Зейнеткер ерекше көлікті 1,5 жыл ішінде жасап шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Бала күнімнен темірге жақынмын”, – дейді Самат ақсақал.

Бұрын тракторшы, құрылысшы болып еңбек еткен ол ауылдың қара жұмысын да атқарған. Алғашқыда шаруашылыққа қажетті тележкіні құрастырып, саман мен тас тасуға ыңғайлы құрал жасайды. Бұл ауыл тұрғындарының қызығушылығын туғызып, жасап беруді өтінгендер көбейген. Құжатсыз болғандықтан сатпаған, көбін ауылдастарына келісіп бере салған.

Кейін жүрмей қалған көліктерді сатып алып,  жарамды бөлшектерін пайдаланып, толыққанды көлік жасауға кіріскенін айтады.

Самат Раймов көлікті құрастыру үшін ескі теледидар, тоңазытқыш, үйдің есігі мен топсасы, жигулидің маторы мен доңғалақтарын пайдаланған. Ерекше көліктің есіктері мен тұтқаларына дейін қолда бар ескі заттармен жасалған. Тұтқасы – кәдімгі үйдің есігінен алынған, ал капот пен есікті ашып-жабу үшін есік топсасы пайдаланылған.

Кесетін арнайы құралдары болмағандықтан, қолда бар заттарды үйлестіріп, терезелерді ыңғайына қарай таңдаған. Тоңазытқыштың қаңылтырлары мен темір бөшкелерді түзетіп, көлікке қажетті бөлшектерге айналдырған. Орындықты да қолдан жасап, алдына екі адам сыятындай етіп орналастырған.

Фото: Stan.kz (Самат Раймов)

“Білесіздер ауылда ақша жоқ. Көлік жасап шығуды көптен ойлап жүрген едім. Зейнетке шыққан соң түскен ақшаға екі жигулиді 100 және 50 мың теңгеге сатып алып, олардың бөлшектерін пайдаландым. Тоңазытқыш қаңылтырларын темір қайшымен кесіп есік жасадым. Жобасын дәптерге сызып отырып жасап алдым. Жайлап үйдің шаруасына пайдаланып жүрмін”, – дейді кейіпкеріміз.

Кабинасын құрастыруда әртүрлі көліктердің терезелерін үйлестіріп қолданған:

- алдыңғы терезе – Ниваның артқы әйнегі

- жанындағы терезе – ескі УАЗ көлігінен

- артқы терезе – бұрынғы автобустан алынған

Көліктің техникалық сипаттамасы:

- мотор: жигулидікі

- жылдамдығы: 50–60 км/сағ

- доңғалақтары: жигулиден

- айна: трактордікі

- шамдар: Газ-51 көлігінен

Қарапайым құралдармен күрделі жұмыс жасап шыққан қария көлігін әлімде жетілдіретінін айтты. Шаруашылыққа жараған ерекше көлік ауылдастарын да қуантты.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 25 Қыркүйек, 2025 22:14
Талқылау