Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбедегі зауыт қызметкерлері өткен жылдың жалақысын ала алмай жүр

Ақтөбедегі асфальт зауытының жұмысшылары өткен жылдың жалақысын әлі ала алмай жүр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

ақтөбе наразылықТүсірілімнен скриншот

"Ақтөбе Құрылыс Инжиниринг" ЖШС бұрынғы қызметкерлеріне 14 миллион теңгеден астам қарыз. Бұл – қыркүйек пен қазан айларында жиналып қалған сома. Жұмысшылар өткен жылдың қараша айында прокуратураға, еңбек инспекциясына жүгінді. Сол кезде олар облыс әкімінің қабылдауына кіруге тырысты, бірақ құр уәдені ғана естіген. Ал компания басшылығы байланысқа шықпайды.

“Бұдан әрі не істеуіміз керек, білмеймін, тапқан ақшамызды ала алмаймыз. Біреуден бірдеңе талап еткен жоқпыз, жай өзіміздің тапқан ақшамызды алғымыз келеді, – деді "Ақтөбе Құрылыс Инжиниринг"ЖШС бұрынғы қызметкері Оксана Чайникова.

Еңбек инспекциясы мұны растады. 2022 жылдың қарашасында оларға 17 адамнан екі ұжымдық өтініш түсті, бірақ мораторийге байланысты олар ештеңе істей алмады. Облыс басшылығының өкімінен кейін ғана тексеру жүргізілді. Компанияға қаңтар айының соңына дейін мерзім берілді, бірақ ақша әлі төленбеді. Қазір сот орындаушылары бұл іспен айналысуда.

“Сот орындаушылары жұмыс істеуде. Жұмыс беруші қаржылық қиындықтарға тап болғанын түсіндірді. Мүмкіндігінше тез өтеледі. Наурыз айына дейін уақыт берілді, бірақ наурызға дейін бізде ақша жоқ дейді”, – деп мәлімдеді еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Искарин.

Талқылау