Ақтөбеде үш ауылдың тұрғындары 10 күннен бері жарықсыз отыр
Ақтөбенің Ырғыз және Шалқар аудандарында үш ауыл бірнеше күннен бері жарықсыз отыр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ырғыз ауданында Жаныс би, Шеңбертал ауылдары және Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында жарық жоқ.
Жаныс би мен Шеңбертал ауылдарында 12 адам, 4 арнайы техника жұмылдырылды.
"Ауылдарды резервтегі желіге қосамыз. Жаныс би ауылындағы ішкі желілерді қайта тексеріп шығып, кешке электр тогын бермекпіз. Шалқардың Тұмалыкөл ауылында 10 адам, 4 техника жұмылдырылған. Онда 42 бағана құлаған. Бәрі қайта орнатылды. Ауылдардағы әлеуметтік нысандарға генератор қосылды. Ал халық жарықсыз отыр. Жөндеу жұмысына ауа райы кері әсер етті. Жел күшейген кезде кранмен жұмыс істеу қауіпті. Бағаналар орнатылғанымен, сымын тарту қиындық туғызды", – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Нұрберген Бекеев.
Оның сөзінше, жалпы облыс бойынша электр желісінің 74 % тозған.
Еске салсақ, сәуір айының ортасынан бері Ақтөбедегі бірнеше ауылда күн райы күрт өзгеріп, бірнеше аудан мен ауыл халқы жарықсыз қалған еді.