Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде төбелес кезінде екі студентті өлтіргендерге сот үкімі шықты: Марқұмның анасы шешіммен келіспеді

Ақтөбеде жаппай төбелес кезінде 17 жастағы екі жігітті пышақтап өлтірді деп айыпталғандарға сот үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Иформбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Жоғарғы сот 

Сот екі айыпталушыны 15 және 18 жылға бас бостандығынан айырды. Төртеуі сот залында қамаудан босатылып, 4 жылға бас бостандығынан шектелді.

“Сотталушы Дамир Ұзақбаев бұзақылық ниетпен кісі өлтірді, қылмысқа дайындалды және өлтіруге оқталды деп айыпталып 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Рамазан Махамбет кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 15 жылға сотталды. Бұзақылық жасады деп айыпталған тағы төрт сотталушы 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан шектелді”, – делінген хабарламада.

Судья Нұрлан Бақтығалиевтің атйуынша, сотталушылар бастапқыда ақылдасып, Қызылжар ауылының жігіттерімен сөйлесуге шыққан. Белгілі болғандай, арандатушы – Дамир Ұзақбаев.

“Сұлтанби Оңдасынмен сөз таластырған да Дамир Ұзақбаев. Кездесудің уақытын белгілеп, екі жақтан адамдар жиналған. Жол жөнекей тағы үш айыпталушы өздерімен бірге пышақ алып келген. Оны жанындағыларға көрсетті. Олар белгіленген жерге не үшін бара жатқанын және ұрыс-керіс болған жағдайда пышақ қолданатындарын білді”, – дейді судья.

Ал марқұмның жақындары төрт айыпталушының шартты түрде бас бостандығынан шектелгенімен келіспейді. Сұлтанби Оңдасынның анасы аппеляциялық сотқа шағым түсіретінін жеткізді.

“Мен олардың толық жазасын алғанын қалаймын. Төрт қылмыскер сот залынан босатылды. Мен қарсымын! Олар бұл істі қолдады. Судья олардың бір күн бұрын өзара келісім жасағанын айтты. Олар өлтіру үшін пышақтарымен келген. Мен олардың бас бостандығынан айырылғанын қалаймын. Апелляциялық сотқа шағым түсіреміз”, – дейді марқұмның анасы Ботгөз Жайтақова.

Айта кетейік, 2 қаңтарда қала іргесіндегі Қызылжар ауылында 10 жасөспірімнің арасында төбелес болды. Бірін-бірі танымайтын екі тараптың жігіттері мәселені шешуге келген. Төбелестен кейін төрт адам ауруханаға түсіп, екеуі қайтыс болды. Жаппай төбелеске Instagram желісіндегі жанжал себеп болған.

Талқылау