Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде ойын-сауық орталығында бес жасар қыз саусағынан айырылды

ойын-сауық орталығыФото: Видеодан скрин

Ақтөбеде ойын-сауық орталығында ойнап жүрген бес жасар қыз бас бармағынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қыз қалаға отбасымен бірге Қобды ауданынан келген. Балаларды ойын орталығына ата-анасы апарған. Ал оның жанында әпкесі болған. Бес жасар Аяла сырғанайтын жерге келіп, айналып тұрған құрылғыны ұстаған. Сол сәтте саусағы қысылып қалған. Осылайша, темір шынжыр кішкентай қыздың бас бармағын жұлып алған. Шошып кеткен қызметкерлер бүлдіршінді көтеріп, тоқтамай сорғалаған қанын тоқтатуға тырысқан. Осыдан кейін қыз ауруханаға жеткізілген. 

"Жарақат ауыр, саусақ жұлынған. Механизммен жаншылған, қайта тігу мүмкін емес", – дейді Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері Қуантай Махамбетов.

Қыздың анасы Алтын Шалабаева жағдайға қауіпсіздік талаптарын сақтамаған аттракцион басшыларын кінәлайды. Оның айтуынша, балалар ойнайтын жерде қорғаныс құралдары болмаған. Ал қызметкерлер кішкентай келушілерді бақыламаған.

“Жалғыз менің балам емес ол жерде. Бұл жерде саусағын ғана алып кетіп тұр. Ал қызымты алып кетсе "Баланың өзі кінәлі" деп тұра алмаймыз ғой? Бұл бала, ол жерде нені ұстамау керек екенін білмейді ғой. Қызметкерлер жауып қою керек ол жерді”, – дейді қыздың анасы Шалабаева. 

Полиция департаменті "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету" бабы бойынша іс қозғады. Ал ойын орталығының өкілдері оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. 

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 23 Тамыз, 2025 08:18
Талқылау