Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе қаласында күзгі санитарлық-тазалық жұмыстарының екі айлық науқаны басталды

Ақтөбе қаласында жалпықалалық сенбілік басталды. Жер-жерде мемлекеттік қызметшілер, белсенді жастар, тұрғындар тазалық жұмыстарын жүргізіп, күл-қоқысты жинады. Оның барысын облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған атқарушы билік өкілдері назарға алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов санитарлық-тазалық науқанына қатысып, 101-ші атқыштар дивизиясы көшесінде орналасқан скверде, Батыс-2 шағын ауданындағы “Манхэттен” тұрғын үй кешенінде сенбілік жұмыстарына білек сыбана кірісіп, қаланы көркейту, абаттандыру жұмыстарына үлес қосты.

“Ақтөбе - еліміздің батыс өңіріндегі ірі қала. Сәулетіне көркі сай болуы тиіс. Шаһардың тазалығы өзімізге сын. Сондықтан қала тұрғындары, кәсіпкерлік объектілерінің иелері, меншік нысанына қарамастан барлық мекеме басшылары, ұжымдары сенбілік жұмыстарына шығып, аумақтарын тазалауға міндетті. Мен барлық Ақтөбе жұртын екі айлық тазалық науқанына белсенді қатысуға шақырамын!” – деді Ералы Тоғжанов.

Айта кету керек, екі айлық санитарлық-тазалық жұмыстарының аясындағы бірінші сенбілік бүгін қаланың 62 қоғамдық кеңістігінде өтті. Астана ауданы бойынша 46, Алматы ауданының 16 саябағы мен скверінде сенбілік жұмыстарына мемлекеттік қызметкерлер, мекеме ұжымдары шықты.

Бұдан бөлек, көп қабатты үйлердің басқарушы компаниялары, кондоминиумдары (КСК, ОСИ) тұрғындармен бірлесіп аула аумақтарын ретке келтіріп, ауланы күл-қоқыстан тазартты.

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық саябақта облыстық басқармалар мен департаменттер өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттары қолына тырма алып, айналаны тазартты.

Солардың бірі — облыстық ветеринария басқармасының қызметкері Алмат Бердіоңғаров:

“Қаланың гүлденуіне өз үлесімізді қосайық деп сенбілікке шықтық. Бас-аяғы 15 әріптесімізбен Орталық саябақтың бір бөлігін ретке келтіріп жатырмыз. Меніңше, бұл — жақсы бастама. Осындай науқан көктем мезгілінде өтіп, оған да атсалысқан едік”, — дейді ол.

Екі айлық сенбілікке Тұрғындар қалашағы шағын ауданының тұрғындары да қатысты. Сол аумақтағы аллеяды тазартқандардың ​ ​ мемлекеттік қызметшілер де бар.

“Тазалық жоқ деп біржақты кесіп айтуға болмас, бұған жауапты жұмысшылар еңбектеніп жатыр. Бүгіннен бастап екі айлық сенбіліктің жарияланғанын естідім. Бірақ, шыны керек, таң атқалы Тұрғындар қалашығы шағын ауданында анау айтқандай жұмысты көрмедім. Сылбыр. Қоқыс жәшіктері аз, болса да толып тұр. Өз басым мәселені шешуге тұрғындар мен қала басшылығы бірлесіп кіріскенде ғана бәрі реттелетін сияқты”, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Әйгерім Шалқарқызы.

Тағы бір ақтөбелік Мария Ониченко: "Бізде тек саябақтарды ғана жинайды. Ал қаланың шеті, тұрғын үйлердің ауласы ылғи ұмыт қалады. Тұрғындардың да кінәсі бар, бұл істе белсенділік танытпайды. Меніңше, бәрі тек есеп үшін ғана жасалмағанда ғана оң өзгеріс болады", — дейді.

Бұл күні Студенттер аялдамасы маңында, Тілеу батыр ескерткішінің маңында да тазалық жұмыстары жасалды.

“Бүгін біз, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өкілдері болып Тілеу батыр ескерткішінің айналасын, осы жақтағы аллеяны қоқыстан тазарттық. 25 адам боп 30-дан астам қапшық қоқысты шығардық. Жалпы, қаламыз таза деп ойлаймын. Дей тұрғанмен, одан сайын жақсарта түсу өзіміздің қолымызда екенін ұмытпау керек”, — дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Мақсатов.

Өз пікірін білдіргендердің арасында қала тұрғыны Жолдас Белакосов та бар:

“Бұрын Ақтөбеде "Зеленстрой" деген мекеме болды. Ағаштардың күтімі, көгалдандыру, жалпы тазалыққа жауапты аталған кәсіпорын жұмысын тоқтатқалы бұл сала бақылаусыз қалды. Осы қаланың азаматы ретінде сол мекемені қайта құруды, кәсіби мамандарды сол жерге шоғырландыруды ұсынамын. Сонда ғана тәртіп орнайды”, — деді.

Сондай-ақ сенбілікке Тұрғындар қалашығы ауданын жинауға "Алақай" қуыршақ театрының артистері, қала тұрғындары және еріктілер қатысты.

"Алақай" қуыршақ театры маңайының тазалық жұмыстарына 20-дан астам театр артисі қатысты. Фестивальге байланысты көп азаматтарымыз сенбілікке келе алмады. Саябақтың маңайындағы алаң толық жиыстырылып бітті. Әр сенбі сайын тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жүргіземіз”,​ — дейді театрдың шаруашылық жөніндегі бөлім меңгерушісі Еркін Табылдинов.

Қолдарына арнайы киім киіп, күрек ұстаған жастардың да пікірін білген едік: “Бүгінгі сенбілікке шыққан жандарға қарап сүйсініп тұрмын. Тазалық бәрімізге керек. Бұл аудан тым жақсы болып тазарып қалды. Ал мен тұратын ескі қала жақтағы Сүт зауыты ауданында қоқыс жиналмайды. Мердігер компаниялар дер кезінде алмайды, соның кесірінен қоқыс үйіліп жатады. Тұрғындар тарапынан шағым көп. Осындай жағдайлар орын алмау үшін қала тазалығына атүсті қарамай, тазалықты өзімізден бастап, сенбілікке атсалысуға шақырамын”, — деді қала тұрғыны Дархан Мейрамбекұлы.

Айта кетсек, санитарлық тазалық науқаны аясында 17 қыркүйек пен 17 қараша аралығында апта сайын жалпы қалалық сенбіліктер ұйымдастырылады.

Талқылау