Ақтөбеде көшедегі адамдарды "діни әңгіме" айтып мазалаған әйел өзіне қатысты жазаның күшін жойғызды
Фото: freepik.com
Көшедегі адамдарға діни үгіт-насихат жасаған ақтөбелік әйел өзіне тағайындалған жазаның күшін жойғызған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбелік әйел көшеде кездескен “Шанхай” ықшамауданының тұрғынына "рухани әңгіме" айта бастаған. Діндар әйел тұрғынға “Иегова ілімі бойынша бала тәрбиесі” тақырыбындағы дәрістер ұсынған. Алайда тұрғын дереу байланысты полицияға шағымданыпты.
Полиция әйелге қоғамдық орындарда адамдарға тиіскені үшін 18,4 мың теңгеге айыппұл салыпты, алайда әйел бұл жазамен келіспей, сотқа жүгінген.
Әйелдің айтуынша, біріншіден оқиға 2024 жылғы 20 шілдеде болған, ал оған айыппұл 2025 жылғы 12 наурызда салынған, яғни әкімшілік жауапкершілікке тартудың мерзімі өтіп кеткен.
Екіншіден, әйелге айыппұл салынған әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабы қоғамдық орындарда адамдарға сатып алу, сату, айырбас жасау, сондай-ақ бал ашу, сексуалдық қызмет көрсету немесе басқа да қызметтерді ұсыну үшін әдейі мазалау фактісіне қатысты қолданылады.
"Ол ұсыныс жасамаған, тек рухани тақырыпта сөйлескен", – деді әйелдің адвокаты сот отырысында.
Нәтижесінде әйел сот процесін жеңіп шықты. Ақтөбе қалалық соты әйелге салынған айыппұлды жою туралы шешім шығарды.
Айта кетейік, бұл әйелдің кездейсоқ адамдармен “рухани әңгіме” жүргізгені үшін салынған айыппұлдың күшін жоюға қол жеткізгені бірінші рет емес екен.

Қазақстандық баласына беделді мектепке оқуға түс деп қысым жасаған: Соңында жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған
