Ақтөбеде қызғалдақпен суретке түскен әкім не себепті жауапкершіліктен босатылды
Фото: Видеодан скрин
Ақтөбе полициясы қызғалдақ ұстап, суретке түскен ауыл әкімі Ләззат Бердібаеваға таққан айыпты сотта дәлелдей алған жоқ. Судья оқиға орнына ауыл әкімін ертіп барды. Бірақ қызғалдақ жұлынған жерді сол күйі анықтай алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жұлынған қызғалдақпен суретке түскен Жұбанов ауылдық округінің әкімі Ләззат Бердібаеваға қатысты әкімшілік айып сотпен алынды. Судья мұны полиция нақты дәлел ұсынбады деп түсіндірді. Ақтөбе соты қызғалдақпен суретке тускен ауыл әкіміне қатысты істі осылай қорытындылады.
“Ләззат Бердібаеваға қатысты әкімшілік іс әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылсын. Қаулы табыс етілгеннен бастап 10 тәулік ішінде Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты арқылы Ақтөбе облысының сотына шағым апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін. Хаттамада қызғалдақ жұлынған жер Бердібаеваның түсініктемесі бойынша Қандыағаш-Жұрын тасжолының жиегінде деп көрсетілген. Бірақ лауазымды тұлға орнын барып қарамаған. Дәлел ретінде фото тіркелген”, – деді судья Айпатша Мусина.
Фото: Stan.kz
Судья Ақтөбе облыстық полиция департаментіне жеке қаулы шығарып, полиция басшысына оқиғаға назар аударуын сұрады. Іс бойынша анықталған және осы қаулыда көрсетілген заңдылықты бұзу жағдайларына әкімшілік құқықбұзушылықтарды жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларға шара қолдануды ұсынды.
“Фотолардың ерекше қорғалатын немесе Қызыл кітап енген өсімдік түрлеріне жататыны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Балаларым 6 және 8 жастағы балалар. Олардың әрекеті – жас ерекшеліктеріне сәйкес балалық қызығушылық. Құқықбұзушылық жасау ниеті де болған жоқ. Менің тарапымнан кәмелетке толмаған балаларымды міндеттерін орындамау фактісі болған жоқ. Мен балаларыммен бірге табиғат аясында болдым. Оларды қараусыз қалдырған жоқпын. Іс материалдарында әкімшілік құқықбұзушылық құрамның бар екеніне дәлел болатын жеткілікті обьективті фактілер көрсетілмеген. Істеген әрекетімде құқықбұзушылық құрам болмаған. Кінәмнің дәлелденбегенін ескере отырып, әкімшілік құқықбұзушылықты тоқтатуды сұраймын”, – деді Бердібаева.
Еске салсақ, Жұбанов ауылдық округінің әкімі Ләззат Бердыбаеваның жұлынған қызғалдақпен түскен суреті 20 сәуір күні желіге шықты. Полиция әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы 1-бөлігімен іс қозғады. Бұл – “балаға дұрыс тәрбие бермеуге” қатысты жаза.
Айта кетейік, осыған дейін полиция “Қызыл кітапқа” енген қызғалдақты жұлуға қатысты заттай айғақтардың болмауына байланысты қылмыстық іс қозғалмайтыны туралы айтқан еді. Сот тергеу барысында Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманына, ботаникалық сараптамаға жүгінді. Бірақ ешқайсысы суретке қарап нақты анықтама айта алған жоқ.
Үкімнен кейін ауыл әкімі пікір білдіруден бас тартты. Тек іске қатысты шағым келтірмейтінін айтты.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
