Ақтөбеде буллингке ұшыраған баланың анасын сот жазаға тартты
Ақтөбеде оқушының анасы мен мұғалім арасындағы жанжал үлкен дауға ұласты. Әйел мектепте баласына буллинг болып жатқанын және мұғалімді сол үшін жазалағысы келгенін айтты, алайда соңында өзі жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бейнежазбадан скриншот
Ақтөбелік Жанар Нұғманова соңғы алты айда мектепте баласына қатысты жанжал туғанын айтты. Сол себепті ол адвокаттың қызметіне жүгінген. Оның айтуынша, өткен жылы баласының сыныптастары ұлына буллинг жасаған. Тіпті мессенджерде Жанболатқа қарсы чат құрылған дейді. Соның кесірінен сабақ барысында төбелес болып, бала жабық ми жарақатын алғанын айтады.
“Қазақ тілі сабағында балам мен сыныптасы арасында жанжал болды. Сыныптасы оның басынан үш рет ұрғасын балам ми жарақатын алды. Мектепке барғанымда тәрбие жұмысының меңгерушісі өзімді кінәлады. Олар басы жарылуы мүмкін емес деді. Директор, мұғалім, сынып жетекшісі – бәрі ұлыма буллинг жасалып жатқанын білсе де, ешқандай шара қолданбады. Соңы осылай аяқталды”, – деді ана.
Мектептегі барлық сыныпта камералар орнатылған және сабақтардың онлайн трансляциясы жүреді екен. Оқиға сәуір айында болған. Мұғалімдер көрсеткен бейнебақылау камерасының жазбасы бойынша бала өзі бірінші тап берген. Басынан соққы алмаған.
“Тиісінше жауап бердік. Қызметтік тергеу жүргізілді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі сыныпта тәртіпсіздік болғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Осыдан кейін ата-ана полицияға шағымдана бастады. Полиция мұғалімге міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін хаттама толтырды, бірақ сотта бұл хаттама құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қабылданбады”, – деді Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Абзал Тәжімішев.
Ал сотта оқушының анасы жазаланды. Енді ол айыппұл төлеуі керек.
“Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандар суда жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен Нұғманова кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін кінәлі деп танылды және 24 150 теңге сомасында әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық соты баспасөз хатшысының м.а. Әсем Ахмет.
Ананың адвокаты сот шешімімен келіспейді. Оның айтуынша, оны жазаға тарту миға сыймайтын нәрсе.
“ӘҚБтК-нің 127-бабымен практика бойынша сабаққа қатыспайтын балалардың ата-аналарын тартады немесе түнде олар ұсталып қалғанда, тартады. Кейде ішкіш ата-ана балаға мүлдем назар аудармай қояды. Бұл жағдайда біз баланы мектепке тапсырдық әрі баланы оқуға жібергені үшін де кінәлі болдық. “Бар, мектепте төбелес!” деп анасының айтқанына дәлел жоқ”, – деді Нұғманованың адвокаты Ғабдел-Кәрім Ипатов.
Жанболат қазір басқа мектепте оқиды. Айтуынша, оған жаңа оқу орны ұнайды және бұрынғы білім ордасына қайтқысы келмейді.