Ақтөбеде бала батутқа барғаннан кейін жансақтау бөліміне түсіп, мүгедек болып қалды
Фото: globallookpress.com
Ақтөбеде батут саябағындағы демалыстан кейін бала жансақтау бөліміне түсіп, мүгедек болып қалды. Сот саябақ басшылығын жәбірленуші тараптың пайдасына 7 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жантүршігерлік оқиға батут саябағында 2024 жылы болған. Ал сот процесі 2025 жылы өтті. Жәбірленуші баланың анасы моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап арыз түсірген.
Сот мәліметінше, 8 жастағы бала батутта ойнап жүріп секіріп, еденге құлаған. Бірнеше жері сынған бала ауруханаға жеткізіліп, сүйегіне темір спица салынған. Анасымен бірге ауруханада бір апта жатып, ем қабылдаған. Оқиғадан кейін бір апта өткен соң балаға ота жасалды. Алайда жағдайы күрт нашарлап, 7 тәулік жансақтау бөлімінде жатып, комаға түскен.
“Ота кезінде ұлымның сүйек буынына темір штырь бекітілді. Соның салдарынан ол отыра да, жүре де алмады. Тек төсекте жатты. Ауруханадан шыққаннан екі ай өткен соң жамбас пен аяқ тұсы қатты ауырып, ұйықтай алмайтын жағдайға жетті”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Қарағандыда батуттан құлап қаза болған баланың ісі: Айыпталушыға сот үкім кесті
Қарағандыда батуттың аударылып қалуынан зардап шеккен қыздың әкесі оның жағдайы туралы айтты
Кейін балаға тағы бір операция жасалған. Алайда 10 күн өткен соң ауырсыну қайта басталған. Анасы баласын Астанаға апарып, дәрігерлер темір штырь бұлшықеттерді жыртып, сыртқа шығып кеткенін анықтаған. Осыдан кейін штырь (жіңішке металл өзек, таяқша) алынып, Илизаров аппараты орнатылған.
Аталған жарақат салдарынан бала мектепке бара алмаған. Бүкіл оқу жылы бойы репетитор жалдауға тура келген. 2025 жылдың қаңтарында балаға үшінші топ мүгедектігі тағайындалған.
Алғашқы сот инстанциясы батут саябағынан 2 миллион теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарған. Алайда жәбірленуші тарап бұл сомамен келіспей, істі апелляциялық тәртіппен қайта қарауға өтініш берген.
Айта кетейік, оқиға бойынша полиция “қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету” бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бірақ кейін қызметкерлер мен басшылық әрекетінен қылмыс құрамы табылмаған соң іс тоқтатылған. Тергеу баланы өз абайсыздығынан немесе қону кезінде ережені бұзуынан құлауы мүмкін деген қорытындыға келген.
Алайда азаматтық істер жөніндегі сот алқасы батут саябағының басшылығы қауіпсіз қонуды қамтамасыз етпегенін анықтады. Қонуға арналған матрац вакууммен толтырылмағандықтан, балалар биіктіктен тікелей еденге құлаған. Сонымен қатар сот батуттың жоғары қауіпті аттракцион екенін, сондықтан оған қатаң қауіпсіздік пен бақылау талаптары сақталуы тиіс екенін айтты. Бұл талаптар іс жүзінде орындалмаған.
Нәтижесінде сот алқасы жәбірленуші тараптың шағымын қанағаттандырып, батут саябағының басшылығын 7 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.
Айта кетейік, бұған дейін Көкшетауда балалар ойнап жүрген батут орталығы өртке оранғаны туралы жазған едік.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді