Ақтөбеде 8 сыныпта оқитын қаршадай қыз қуыршақ тоқып, табыс тауып жүр
Ақтөбеде 8 сыныпта оқитын қаршадай қыз қуыршақ тоқып, нәпақасын тауып жүр. Жапонның қолөнерін меңгерген кәсіпкер әр жұмысы үшін алты мың теңге алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақпейілдің айналысып жүрген кәсібі қарапайым адамға тоқыма болып көрінгенімен, оның өз атауы бар. Жапонның "амигуруми" деген қолөнер кәсібі. Мұндай тоқыма қуыршақтарды жапондар жақындарына жақсы тілекпен ұсынады екен. Ақпейіл басында бұл өнеріне хобби деп ғана қараған.
"Менің ойымша, пайда табуға болады. Бірақ мен басында өзімнің хоббиім ретінде қарадым, солай болады деп ойладым. Кәсіпке айналдырамын деп ойламаппын", - деді оқушы Ақпейіл Сағи.
Қарапайым хобби кейін кәсіпке айналған. Ақпейіл өте талғампаз, үнемі ізденіп жүреді. Сабырлы, салмақты қыздың қолынан шыққан дүниелер көздің жауын алады. Ол интернеттен тоқымашылардың форумдарын іздеп жүріп оқып, әлемнің әр түпкіріндегі өзі секілді қолөнер шеберлерімен үнемі байланыста екен. Бертін келе оқушы қыздың қолынан шыққан дүниелерге сұраныс артқан.
"Бұл қуыршақты бағасы киімдеріне қарай болады. Мысалы, көйлегімен
болса - 5 мың, егер пальтосымен тоқысам - 6 мың. Менің ойымша, арзан бағалап тұрған жоқпын. Арзан болса, өтуі де тез. Қымбат қылсам,
көбісі қымбатсынып, әрі қалтасы көтермейді", - деді оқушы Ақпейіл Сағи.
Дегенмен, өнерлі қыз кәсіптен бұрын, сабағын бірінші орынға қояды. Оқу озаты, түрлі жарыстарға қатысады. Қазір балалар мен жастарға арналған республикалық "Елбасы медалі"жобасынан бағын сынап жатыр екен.
"Бұған 4 күн жұмсадым. Күнде тоқымаймын. Сабағымды бітіргеннен
кейін барып кірісеміні", - деді оқушы Ақпейіл Сағи.
8-сыныпта оқыса да, Ақпейілдің жүріс-тұрысынан кәсіпкерге тән қасиеттерді аңғару қиын емес. Өте тиянақты, ұқыпты. Әр қадамын есептейді. Ол тіпті, кіріс пен шығыстың да есебін өзі жүргізеді. Жоспар құрады. Барлығын дәптерге түртіп отырады. Тіпті, сатып алған заттарының түбіртегіне дейін сақтап қояды екен.
"Мысалы, осы дәптерге қарайтын болсам, мен әр алған жіптерімнің
бағаларын жазып жүремін. Кейін оны осыған жазып , қанша пайда тапқанымды есептеймін. Өскенде мұны жалғастырамын. Бірақ, мен дизайнер болғым келеді", - деді оқушы Ақпейіл Сағи.
Кәсіпкер қыз бүгінде табысқа шыққан. Алғашқы тапқан ақшасына өзіне керек-жарақтан бөлек, бөлмесіне жиһаз, велосипед сатып алған. Әдемілікке жаны құмар небәрі он төрт жастағы оқушының арманы - интерьер дизайнері болу.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
