Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында тірідей жанып кеткен ауыл әкімінің туыстары болған оқиғаға шенеуніктерді кінәлады

Ақтөбе облысында тірідей жанып кеткен ауыл әкімінің туыстары өрт кезінде қол қусырып отырған шенеуніктерге өкпелі. Марқұм Батырбек Бірлепесов төрт күн бойына аудан мен облыстағы әкімдіктерден құтқарушылар жіберуін өтінген екен. Бірақ ондағылар тілсіз жауды өз күштерімен ауыздықтауды бұйырыпты. Ақыры жалғыз трактормен алапат жалынға әлі келмеген ауыл әкімі мектептің екі қызметкерімен қоса жанып кетті. Олардан бөлек тағы бір адам отқа күйіп өлді. Ал құтқарушылар мен аудан басшылары түрлі уәж айтып ақталып әлек, деп хабарлады КТК арнасы.

жанып кеткен акім

Осыдан тура бір апта бұрын далада тұтанған от елді мекен іргесіне дейін жеткен. Бір ауыл болып оны төрт күн бойына өшіре алмапты. Ауыл әкімі Батырбек Бірлепесов, мектеп мұғалімі Жолдыбек Әбсәламов пен күзетші Жомарт Смайылов сол жалын ортасында қалып қойған. Марқұмдардың күйген киімдері оқиға орнында әлі жатыр.

Сұлукөл ауылының тұрғындары әлі күнге дейін өздеріне келе алар емес. Үш бірдей адамның тірідей үйітіліп қалғанын айтады. Тіпті ауыл әкімінің киімі күл болып, белдігі мен аяқ киімі ғана қалыпты. Марқұмның туыстары төрт күн бойы сырттан ешбір көмектің келмегеніне өкпелі. Өйткені ауыл әкімі Әйтеке би ауданынан бастап, облыс орталығындағы басшылардың барлығынан жәрдем сұраған.

«Көмек келген жоқ төрт күннен бері. “Шыдаңдар” депті. адамдар өліп кеткесін келген ғой», – дейді марқұм Б.Бірлепесовтың ағасы Кенжеғали Қошанов.

Ал өрт сөндірушілер өздеріне шаң жуытар емес. Сол күндері Әйтеке би ауданының жеті ауылында өрт болған. Солардың барлығына қосымша күш жібердік деп отыр.

«Облыстан барды техника. Аудандық  жердегі күшті де жұмылдырдық», – дейді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы Бауыржан Сыздықов.

Бірақ ол күштерді Сұлукөлден көрдім-білдім деген адам жоқ. Аудан басшылары да дала өртін сөндіруге дайындығымыз күшті болатын деп ақталып отыр. Сондағысы резеңкеден жасалған сапалақ таратып берген.

«Қолдан резинкадан сапалақтар жасалды.  Бір жерде он үш адам болса бірден, екіден үштен сапалақтар дайындалды», – дейді Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Темірбек Рахметов.

Сұлукөл ауылы маңындағы далалық өрттің кесірінен сондағы әкім мен мектептің екі қызметкерінен бөлек көрші ауылдың малшысы да жанып кеткен. Дәл осындай оқиға сол күндері Темір ауданында да болды. Онда өрттен бір адам қаза тапса, екіншісі ауруханада. Қазір осы екі оқиғаға байланысты тексеру жүріп жатыр.

Жіберіп алмаңыз:

Түркістанда ер адам мешіт тонап жатқан жерінен ұсталып қалды

Тоңазытқыштан табылған балалар оқиғасы: бір жасар егіздердің жазығы не?

Келіншек екінші рет тұрмысқа шығуға үгіттеген енесіне риза болып жүр

Ертісте басына пакет кигізіп, қол-аяғы байланған әйелдің денесі табылды

Талқылау