Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысындағы ауыл мектебінде небәрі 8 оқушы мен 8 мұғалім ғана қалған

Ақтөбе облысында мектепте 8 оқушы ғана қалғанФото: diapazon.kz

Ақтөбе облысындағы шағын ауыл мектебінде бар болғаны 8 оқушы мен 8 мұғалім қалды. Мектеп жабылып қалмас үшін ауыл әкімдігі көпбалалы отбасыларды қоныс аударуға шақырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

2008 жылы бой көтерген мектепте қазір 1 және 4-сыныптарда бір-бірден, ал 6, 8 және 9-сыныптарда екі-екіден оқушы бар. Жалпы 17 қызметкер жұмыс істейді, оның жартысы зейнет жасындағы педагогтер.

Ауыл әкімі Жолдас Қарағұлов көшіп келуге ниет білдірген азаматтардың тізімін жасақтап жатыр. Хабарласушылар көп болғанымен, нақты кім көшіп келіп, тұрақтап қалатыны әлі белгісіз.

"Соңғы он жылда бала саны азайып келеді. Биыл алғаш рет оқушы саны сегізге дейін қысқарды. Бұрын 16-17 оқушы болушы еді. Үш жыл бұрын бір баласы бар отбасы көшіп келгенде қатты қуанғанбыз. Бұрын ауылда газ болмағандықтан, ешкім келгісі келмейтін. Биыл, шүкір, газ келді. Газ тартуға 684 миллион теңге бөлінді. Қыста толық газбен қамтылады деп үміттенеміз", – дейді әкім.

Биыл үш оқушы 9-сыныпты аяқтаса, бірінші сыныпқа бір ғана бала келеді. Егер мектеп жабылса, ата-аналар балаларын 30 шақырымдағы Бадамшаға немесе 15 шақырым жердегі Қосістек ауылына интернатқа жіберуге мәжбүр болады. 

Қазір Велиховка ауылында шамамен 100 адам тұрады, 60 үйдің оншақтысы бос тұр. Бұрынғы Чапаев атындағы кеңшардың орнына қазір ауылда астық егумен айналысатын "Велиховка" және "Диленд" ЖШС жұмыс істейді. Сонымен қатар мәрмәр карьері де бар. Яғни, жұмыс табуға мүмкіндік бар.

"Ауыл Орск тас жолының бойында орналасқан. Орскіден 70 шақырым. Су құбыры жоқ, бірақ аулада құдықтары бар. Су сәл тұзды болғандықтан, ауыл орталығына тазартатын құрылғы орнаттық. Ауыз суды сол жерден тегін алуға болады", – деді әкім.

Велиховкада негізінен зейнет жасындағы тұрғындар қалып отыр. Олар үй шаруашылығымен айналысып, мал мен құс асырап, бақша салады. Жақын арада газ тартылып, ауылдың инфрақұрылымы жақсара түседі деген үміт бар.


Солтүстік Қазақстанда мұғалімдер мектептегі интернет нашар болғандықтан роутерді өз қалтасынан төлеген


"Нормадан едәуір аз": Үкімет шекара маңындағы кейбір мектептердің жабылу қаупі барын растады


Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында оқушылар санының аздығына байланысты тағы төрт ауыл мектебі жабылатынын жаздық. Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, бастауыш мектепте кемінде 5 оқушы болуы тиіс. Негізгі мектептер – кемінде 41, ал орта мектептер – кемінде 81 оқушымен жұмыс істеуі қажет. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда, мектептер жабылады немесе мәртебесі төмендетіледі.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 03 Тамыз, 2025 09:51
Талқылау
`