Ақтөбе облысында аязда баланы жартылай жалаңаш етіп көшеге алып шыққан әйел желідегілерді ашуландырды
Желіде Ақтөбе облысында аязда баланы жартылай жалаңаш етіп көшеге алып шыққан әйелдің видеосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Ақтөбе облысы Хромтау қаласының тұрғындары аязда баланы жартылай жалаңаш етіп далаға алып шыққан әйелдің әрекетіне шағымданды. Әйелдің өзі қыстық киім киіп алған, ал баланың үстінде футболка мен ішкиім ғана.
“Видеода жанынан өтіп бара жатқан әйелдің “қатып қалатын болды ғой” дегеніне әйел "қатып қалсын” деп жауап берген”, – дейді желідегі куәгерлердің бірі.
Біреулер балаға деген мұндай көзқарасты қатыгездік деп бағаласа, енді бірі тиісті органдардан жағдайды тексеріп, әйелді жазалауды талап етті.
Видеодағы әйелдің Альмира Назарова екені белгілі болды. Ол адамдарды прокуратураға арыз жазамыз деп қорқытқан.
"Оны ешкім көшеге шығарып жіберген жоқ. Бала қашып кеткен жерінен ұсталып, үйіне жеткізілді. Ешкім сіздің пікіріңізді сұрамады", — деп жазды Альмира Назарова.
Ал Хромтау полициясы бұл ақпарат тексерілетінін мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте көшеде жартылай жалаңаш жарнамаға түскен қыз қамауға алынғаны туралы жазған едік.