Ақтөбе облысы Қытайға сапары аясында өңірге 1 миллиард доллардан астам инвестиция тартты
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров және өңірдегі бизнес өкілдерінен құралған делегация жасыл энергетика, металлургия, өнеркәсіптік өндіріс және құрылыс материалдары саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру туралы маңызды әріптестікке қол жеткізді.
Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін өрлету және қытайлық компаниялармен іскерлік байланыстар орнату. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Ақтөбе облысы кемінде 1,5 триллион теңге инвестиция тартуы тиіс. Бұл жұмыс қазірдің өзінде басталып кетті.
Пекиндегі келіссөздер барысында ынтымақтастық туралы төрт меморандум бекіді. Атап айтқанда, Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың екі қытайлық компания - SUNGROW Renewables Development Co., Ltd және Universal Energy Co., Ltd- мен меморандумдарға қол қоюы басты жетістіктердің бірі болды. Инвестицияның жалпы құны 218,8 миллион АҚШ долларын құрады.
Бірінші жоба бойынша SUNGROW Renewables Development Co., Ltd компаниясымен 200 мегаваттық жел электр станциясын салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Оның құны - 171 миллион АҚШ доллары. Жобаны іске асыру биыл яғни 2025 жылы басталады, ал толық пайдалану 2027 жылға жоспарланған.
Екінші жоба тағы 100 мегаватт жел электр станциясын салу туралы Universal Energy Co. Ltd компаниясымен келісімге қол қойылды. Жобаның құны - 47,8 млн АҚШ долларын құрайды. Нысан 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жобаларды іске асыру шеңберінде 65 жаңа жұмыс орнын құру көзделген.
Сондай-ақ Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов пен қытайлық Yima Machinery Co., Ltd компаниясы арасында орташа көміртекті легирленген болат зауытын салу туралы меморандумға қол қойылды. Жоба 60 жаңа жұмыс орнын құра отырып, машина жасау және өнеркәсіп қажеттіліктері үшін жабдықтарды импорт алмастыру, өндірісті локализациялау және орташа көміртекті легирленген болаттан жасалған өнімдерді шығаруды қамтиды.
Төртінші меморандумға облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, қытайлық China Non-Ferrous Mining компаниясы және қазақстандық SM Minerals компаниясы бірге қол қойды. Құжат Әйтеке би ауданында Бенқала мыс кен орнын игеру бойынша ауқымды жобаны іске асыруды көздейді. Жоба өңірдің тау-кен өнеркәсібінің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді.
Тағы бір құжат — Негіздемелік келісім — Сиань қаласында "AqtobeCem" ЖШС мен Sinoma (SUZHOU) Construction Co., Ltd арасында қол қойылды. Ол Алға ауданында қуаттылығы тәулігіне 5000 тонна клинкер цемент зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру туралы. Кездесуге "AqtobeCem" ЖШС акционері Н.Шәкіров қатысты. Тараптар жобаның ағымдағы мәртебесін талқылады, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының кестесін бекітті. Құны - 220 млн. АҚШ доллары.
"Біз жай ғана құжатқа емес, жаңа кәсіпорындардың, жаңа жұмыс орындарының және өңірдің индустриялық дамуының жаңа кезеңінің негізін құрайтын нақты келісімдерге қол қойдық. Қытайға сапар осы бағыттағы стратегиялық маңызды қадам болды. Біз ынтымақтастық үшін ашықпыз және халықаралық серіктестермен сындарлы келіссөздерге дайынбыз", – деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімі Асхат Шахаров.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында делегация мүшелері Шаньси провинциясына барып, Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастық форумына қатысты. Форумда сөз алған Асхат Шахаров Ақтөбе облысының қытайлық серіктестермен белсенді ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті. Өңір басшысы сондай-ақ облыстың көлік-логистикалық әлеуетіне ерекше назар аударды.
"Ақтөбеде жүк тасымалдайтын YTO Cargo Airlines авиакомпаниясы 10 мамырдан рейстерді бастайды. Бұл "Қытай – Еуропа" бағытында өңірдің транзиттік рөлін айтарлықтай арттырады. Сонымен қатар, "Шаньси – Қазақстан – Өзбекстан" жаңа теміржол маршрутының іске қосылуы тауар жеткізу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді", – деп қосты Асхат Шахаров.
Форум аясында сондай-ақ B2B форматында кездесулер өтті, онда қазақстандық және қытайлық компаниялар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын талқылады. Осы кездесулердің нәтижесінде екіжақты құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, "Рамазан" ЖШС агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы Қытай тарапымен келісімге қол қойды.
Таюуаньге сапар Ақтөбе облысы мен Шаньси провинциясы арасында бауырлас қалалар қарым-қатынасын орнату туралы ниет хаттамасына қол қою рәсімімен аяқталды. Салтанатты шараға Шаньси халықтық үкіметінің уақытша төрағасы Лу Дунлян қатысты.
Шэньси провинциясының әкімшілік орталығы – Сиань қаласында да ресми қабылдау өтті. Облыс әкімі Асхат Шахаров провинция губернаторы Чжао Ганмен кездесуінде өңірдің инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуетін таныстырды. Өңір басшысы Ақтөбе мен Сиань арасында тікелей әуе рейсін ашу мәселесі туралы бастама көтерді. Ол мұндай әуе қатынасының өңірлер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және туристік ағынды арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.
Қабылдау барысында Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Шэньси провинциясының коммерция басқармасы арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат өңірлер арасындағы сауда, инвестициялық және технологиялық байланыстарды тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Бұдан соң, облыс әкімі өңірлік бизнес өкілдерімен бірге Сиань өнеркәсіптік-инвестициялық корпорациясының "Цзинхэ" өнеркәсіптік паркінің қызметімен танысты. Қазақстандық тарап "Ақтөбе" арнайы экономикалық аймағының аумағында осындай индустриялық алаң құруға қызығушылық білдірді.
Ақтөбелік делегацияның Қытайға жасаған сапары осылайша Сианьдағы кездесумен қорытындыланды.
Бұл сапар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Қытайдағы Қазақстан елшілігінің және 2023 жылы Сианда ашылған консулдықтың қолдауымен ұйымдастырылды.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
