Ақтөбе қаласында ағаш отырғызу акциялары өтті
Республика күнінің құрметіне Ақтөбе қаласының "Астана" және "Алматы" аудандарында ағаш отырғызу акциялары өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Астана" ауданының Құрашасай елді мекенінің тұрғыны, қоғам белсендісі Жаңбырбай Жиенқұловтың бастамасымен Құрашасайдағы №77 мектептің аумағына 10 түп шырша ағашы отырғызылды.
Бұл игі іске мұрындық болған Жаңбырбай Жиенқұлов екі-үш жылдан бері Құрашайдың іргесіне жүздеген түп тал отырғызып, елді мекенді көгалдандыруға бастамашы болып келеді. Бұл жолғы ағаш отырғызу акциясына ауылдың белсендісі Бұхарбай ақсақал, Ақтөбе қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанова, Астана ауданының әкімі Айбек Купенов қатысты. "Алматы" ауданы әкімдігінің бастамасымен Есет батыр тұрғын алабына 120 терек, 60 қарағай ағаштары отырғызылды.
Ағаш отырғызу акциясы - табиғатты аялап, айналаны көгалдандыру мақсатында ұйымдастырылған жалпыға ортақ ізгі істің бірі.
Аталмыш акцияға аудан ақсақалдар кеңесінің төрағалары, Қарғалы қалалық ауруханасының, "Геолог" Мәдениет үйі мен №78 орта мектептің ұжымдары жұмыла атсалысты.

Таеквондодан бас бапкер жалған құжат жасап, жасөспірімдер жарысына қатысқан: Министрлік оны жауапқа тартпаған
