Ақтөбе әуежайында қалып қойған ресейліктер үйлеріне орала алмай отыр
Ақтөбе әуежайында қалып қойған мәскеуліктер Аэрофлот компаниясы халықаралық рейстерді тоқтатқандықтан үйлеріне ұша алмай қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде жергілікті Диапазон басылымы жазады.
"Мен 5 наурызда "Аэрофлот" әуе компаниясы арқылы Мәскеуден Ақтөбеге ұшып келдім. Қайтар билетім 12 наурыз күніне алынған. Кеше "Аэрофлот" барлық халықаралық рейстерді, соның ішінде Қазақстаннан Ресейге баратын рейстерді де тоқтатты деген ақпарат шықты. Ақтөбеден Мәскеуге ұшатын жалғыз рейс тек осы әуе компаниясы арқылы жүзеге асырылатын. Енді үйіме қайта алмай қалдым. "Аэрофлот" сенім телефоны да, Қазақстандағы Ресей елшілігі де жауап бермейді. Ақтөбеге ұшып келген орыстар енді не істейді? Менімен бірге 100-ге жуық адам ұшты, негізінен олардың барлығы Ресей азаматтары", – дейді жолаушылардың бірі.
Өз кезегінде әуе компаниясы Instagram-дағы ресми парақшасында отанына оралуы қажет азаматтардың тізімі әлі де жиналып жатқанын айтып, жауап берген.
- "Ресей әскері перзентхана мен балабақшаларға оқ атты": Украинадағы соғыс ошағынан аман оралған қазақстандық студент елге қалай жеткенін айтып берді
- Ресейлік карталарға шектеу: Қазақстандық банктер өз тұтынушыларына мәлімдеме жасады
- Украинадағы ресейлік хоккейшілер Қазақстаннан баспана сұрады
"Қазіргі уақытта елге оралу үшін көмекке мұқтаж Ресей азаматтарының тізімдері жиналып жатыр. Арнайы көмекке қол жеткізу үшін Ресей сыртқы істер министрлігінің шетелдік көмекші мобильді қосымшасына тіркелуіңізді сұраймыз (iOS, Android жүйелерінде қолжетімді). Сондай-ақ Ресей азаматтары туындаған мәселелері туралы "Ростуризм" сенім телефонына 8-800-200-34-11 (Мәскеу уақытымен 8-ден 20:00-ге дейін) хабарлай алады. Билеттің қайтарым ақысын алу үшін оны сатып алған жерге өткізуге болады", – делінген хабарламада.
Алайда көрсетілген нөмірлерге хабарласу мүмкін болмаған. Ал Ақтөбе әуежайының қызметкерлері Қазан арқылы ұшатын екінші рейстің бар екенін айтты. Ақтөбеден Қазанға рейстер аптасына екі рет Qazaq Air әуе компаниясы арқылы жүзеге асырылады.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
