Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде қызғалдақ жұлып, суретке түскен әкімнің соты алқапта жалғасады

Фото: Әлеуметтік желіден

2 маусым күні Қызыл кітапқа енген қызғалдақпен суретке түскен Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округтың әкімі Ләззат Бердібаеваның соты болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой Город” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сәуір айында Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлып, онымен суретке түскен ауыл әкімі Ләззат Бердібаеваның суреті желіде қызу талқыға түсті. Іс әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы, 1-тармағы бойынша (Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бабы бойынша қаралып жатыр. Құқық қорғау органдарының нұсқасы бойынша, шенеунік қыздарына Қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлуға болмайтынын түсіндірмеген.

Сот отырысы кезінде Ләззат Бердібаева өз кінәсін мойындаудан бас тартты. Оның айтуынша, 6-8 жастағы қыздары шенеунік отбасымен бірге Қандыағаш-Жұрын тас жолының маңында табиғатқа демалуға шыққанда сыйлаған.

“Мен қыздарыма гүлді жұлудың қажеті жоқ екенін айттым. Біз барған жер ерекше қорғалатын аумаққа жатпайды. Онда тіпті мал жайылып жүрді. Балаларымның жауапкершілігі бар. Мектептен мінездемесі де бар. Мемлекеттік қызметте жүргеніме 18 жыл болды, ешқашан заң бұзған емеспін”, – дейді шенеунік.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желідегі шудан психологиялық қысымға тап болғанын айтты. 

“Мен ғана емес, балаларымды да қорлады”, – деді Ләззат Бердібаева.

Аймақтық инспекция өкілдерінің айтуынша, суреттерге қарап гүлдердің сирек кездесетін түрлерге жататынын анықтау мүмкін емес. Ол үшін өсімдіктердің өзі қажет. Ботаника және фитоинтродукция институтының мамандары да фотосуреттер негізінде нақты түрін анықтай алмаған.

Барлық жағдайды анықтау үшін сот іс-шараны гүлдер жұлып алынған жерде — Қандыағаш–Жұрын трассасының маңында — көшпелі отырыс түрінде өткізуді ұйғарды.

Бұған дейін Ақтөбеде қызғалдақ ұстап суретке түскен ауыл әкімінің бас дауға қалғаны туралы жазған едік.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 02 Маусым, 2025 16:30
Талқылау