Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаушылар мен даттаушылар: Әйелін ұрып өлтірді деп айыпталған Бишімбаевты қорғап жатқан кімдер

Әйелін ұрып өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары оның “кінәсіз” екенін алға шығарған мәлімдемесінен кейін қоғам арасында пікір алуандығы туды. Желіде жазылған жазба авторлары тіпті күдіктіні “ақтаушылар” мен “даттаушылар” болып екіге бөлініп алғандай. Олардың бір бөлігі түрлі аргументтерге сүйеніп “шешімді тек сот шығаратынын” айтса, екінші жақ оларды “жазаны жеңілдетуге тырысып жатсыңдар” деп айыптайды. Stan.kz ақпарат агенттігі пікір алаңына шыққан жазбаларды шолып шықты.

Коллаж Бишимбаев 2

“Бишімбаевты ақтаушылар”

22 ақпан күні журналист Гүлжан Ерғалиевамен болған сұхбатта Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деп айыпталып түрмеде отырған Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары Назкен Құсайынова мен Лейла Рамазанова айыпталушы тараптың уәжін айтқан.

Заңгер Құсайынова Бишімбаевтың “кінәсін мойындамайтынын” және Нүкенованың “субдуральды гематомадан” қайтыс болғанын мәлімдеген. “Нүкенова өзінде гематома болғанын білмеуі де мүмкін” деген қорғаушылар марқұмның денесінде бұрын болған жарақаттан көз жұмғанын меңзейді. Сондай-ақ олар Бишімбаевтың әйелін әлі күнге дейін жақсы көретінін және қатты қайғыратынын баса айтады. 

Назкен Құсайынова күдіктінің әйелі туралы әлі күнге дейін “жаман сөздер” айтпайтынына назар аударған.

“Қуандық Бишімбаев қатты күйзеліске түсті. Себебі ол сүйікті әйелінен айырылып қалды. Ол әлі күнге дейін мұндай оқиғаның өзінің отбасында болғанына сене алмайды”, – дейді ол.

Бишімбаевтың қорғаушылары айыпталушы тараптың да өзін-өзі қорғауға болатыны заңмен бекітілгені тоқталып, уәж айтуына қақысы бар дейді. Ал журналист Гүлжан Ерғалиева Елмедиа сайты адвокаттардың пікірін “тек бейтарап түрде” беруге тырысқанын айтады. Ол бағдарламаға марқұм Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдіні шақырғанын, бірақ ол басында келісіп кейіннен келісім бермей қойғанын жеткізген.

“Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары тергеуге қатысты өз ұстанымын білдіру ұсынысымен Елмедиаға хабарласты. Ал біз үшін Салтанат Нүкенованың өлімінің мүлдем басқа көрінісі ашылды”, – деп жазды редакция.

Кейіннен Facebook парақшасында жазба қалдырған Ерғалиева редакция жасаған сұхбаттан соң өзінің тарапына наразы пікірлердің болғанын жасырмайды. Алайда ол адвокаттармен болған әңгімеден кейін Нүкенованың өліміне қатысты істің бәрі анық емес екеніне көзі жеткенін айтады. 

“Салтанаттың күйеуінің қолынан қаза тапқаны туралы тікелей дәлел жоқ болып шықты. Тергеу ұсақ-түйекке дейін көптеген сараптамалар жүргізген, бірақ нақты дәлелдер таппаған. Міне, қызық қайда жатыр!”, – дейді күдігін жасырмаған ол. Сондай-ақ ардагер журналист Бишімбаевтың адвокаттарымен болған сұхбат үшін бір тиын да алмағанын жеткізген.

Адвокаттармен болған сұхбатты Ерғалиева “ашық диалог” деп атаса Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді оны “жасалған шабуыл” деп қабылдайды. Ол журналисті “іс материалдарымен жеке танысып, сарапшы ретінде қорытынды жасап отыр” деп айыптайды.

Адвокаттардың сұхбаты жайлы пікір білдірген журналист Гүлбану Әбенова желіде Бишімбаевтың отбасына қарсы агрессиялық пікір жазатын боттардың пайда болғанын және адвокаттардың сұхбаты оқиғаның екінші жағын ашып бергенін айтады. Ол халықты “өздері сенетін шындықты бұзғысы келмейді” деп айыптайды.

“Мүмкін ол (Бишімбаев – ред.) оны (Нүкенова – ред.) шынымен өлтірмеген шығар, ал азаматтық некедегі әйелі гематоманың салдарынан қан кетуден ұйықтап жатқанда қайтыс болуы да мүмкін ғой, – дейді ол күдігін ортаға салып.

Сондай-ақ Әбенова марқұмның ағасы жариялаған видеоға да сенімсіздік білдірген. Бұған дейін Айтбек Амангелді қайғылы оқиға болған мейрамханадағы бақылау камераларына түскен кадрларды желіге салған. Кадрлардан ер адамның әйелді ұрып жерге құлатып, жұдырықпен соғып, тепкенін байқауға болады. Нүкенованың ағасының айтуынша, кадрларда Бишімбаев пен оның қарындасы бейнеленген.

Неліктен толық видео емес скриншоттар салынған деп таңырқаған Әбенова “мүмкін бейнежазбадан мас әйелдің аяғында әрең тұрғанын байқап қоюға болатындықтан шығар” деп күдіктенеді.



Заңгер Ләззат Ахатова “бір жақтың уәжін тыңдаған қоғамда біржақты пікір туындайтынын” айтады. Содан соң сұхбат жайлы тоқталған ол Ерғалиеваны сұрақтарды “бұрмаламай қойды” ал адвокаттар “бүкпесіз жауап берді” деп мақтайды. Сонымен қатар ол да Нүкенованың “соққыдан емес,  миына қан құйылып қайтыс болған деген” күдікті алға шығарады. 

Оқырмандар “Бишімбаевты ақтап жатыр” деп айыптаған жазба авторларының көбі “кез келген қылмыс жазасыз қалмауға тиіс” екенін алға тартып, “сотқа дейін шешім шығармау қажет” деген сарында жазған екенін айта кеткен жөн.

Сонымен қатар Ләззат Ахатова желіде жазған тағы бір жазбасында Бишімбаевтың қылмыс жасаған сәтте “аффект күйінде” болуым ықтимал деген ойын айтады. Жазбасында “бұрын болған оқиғаны” келтірген ол бір азаматтың қызды өлтірген сәтте “есін білмей қалғаны” туралы айтады.

“Сол секілді қазір отбасылық зорлық -зомбылық тақырыбын сөз етсек, Бишімбаев ісін айтамыз ғой. Оның да жай-күйі дәл жоғарыдағы жігіттің  жай-күйіндей болмады дей аламыз ба? Әрине оны сот шешер. Сот үкімінсіз ешкімді қылмыскер деуге қақымыз жоқ”, – дейді заңгер.

Өз әріптесін ұрған азаматты қорғаған қорғаушы

Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова бұған дейін алматылық қорғаушыларды соққыға жыққан Дәулет Тұрлыхановтың ұлын сотта қорғағаны белгілі болды. Бұл туралы депутаттың ұлынан жапа шеккен заңгердің өзі мәлімдеді.

Мұның алдында Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат адвокаттар Анна Чернова пен Олег Черновқа кешкі уақытта шабуыл жасап, соққыға жыққаны үшін кінәлі деп танылған. 

Анна Чернованың айтуынша, Тұрлыхановтың ұлымен қатысты болған даулы сотта “басқа қорғаушы әріптестерінің бәрі адвокат пен оның әйелінің денсаулығына зиян келтірген адамды қорғаудан бас тартқан”.

“Бірақ Құсайынова олай жасамады”, – дейді ол. Чернова адвокат Құсайыновтың сұхбат кезінде айтқан бірде-бір сөзіне сенбеуге шақырады. Нүкенованың туыстарына шыдам мен күш-қуат тілеген ол халық арасында ақ пен қараны ажыратушылардың көп екенін және тапсырыспен жасалған дүниеден пайда болмайтынын айтады.

“Елдегі барлық телеарнаны сайратып қойсаң да, нүктені тек сот қояды”, – дейді заңгер.

Сондай-ақ адвокаттар Анна Чернова пен Олег Чернов Тұрлыхановтың ұлымен болған сотты жеңіп шыққанын қоса кетейік. Соттың шешімімен оған 1 миллион 700 мың теңге айыппұл салынған.

“Кісі өлтіруді ақтау да – қылмыс”

Журналист Ораз Әлімбеков Бишімбаевты "сүттен ақ, судан таза" қылып ақтап алғысы келетін блогер мен журналист әлеуметтік желіде көбейіп кеткеніне назар аударады. Айтуынша, ірі шенеуніктер сотталғалы жатқанда қолданылатын мұндай "тәжірибе" бұрыннан бар. Алайда ол бұрынғы шенеунікті қанша ақтағанымен, оның жазасын жеңілдету мүмкін емес деп санайды.

“Оның санасында "қандай қылмыс жасасаң да, ақшаң көп болса соны беріп құтылып кетесің" деген жаман ой орнығып қалған сияқты. Дегенмен ол осы жолы қанша қаржысын блогерлерге олай-бұлай шашса да, қатаң режимдегі түрме жазасынан құтылып кете алмайды”, – дейді ол.

Ал қоғам белсендісі Оңғар Қабден “кісі өлтіруді ақтау – одан өткен қылмыс” дейді. 

“Кейбіреулер Бишімбаевты жақсы жағынан көрсетуге ғана емес, марқұм Салтанатты жан-жақты жамандап, қаралауға да тырысып жатты. Олар оны қатты мас болды, таблетка ішті деп жазды. Елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шкаласындай болған Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты шығарылатын үкім, болашақтағы әйелдер мен балалар мәселесі үшін өте маңызды болмақ”, – дейді ол.

Саяси белсенді Мұхтар Тайжан қорғауға тырысып жатқан адвокаттарды емес Бишімбаевтың әкесі – академик, лауреат, еңбек сіңірген қайраткер, ректор және Нұр-Отанның депутаты, Назарбаевтың досы Уәлихан Бишімбаевты кінәлайтынын айтады.

Сөзінше, ірі қылмыс үшін сотталып кейін мерзімінен бұрын босап шыққан Қуандық өзінің жазасыз қалатыны туралы сенімділіктің соңы осындай ауыр трагедияға әкеліп соққан.

“Егер сот Қуандықтың кінәсін дәлелдесе, оның әкесінің барлық атақ-дәрежесінен айыруды талап ету қажет. Себебі оның тәрбиесі, іс-әрекеті ақыр соңында жазықсыз адамның өліміне әкелді. Ол салтанат пен құрметке лайық емес, керісінше сөгіс пен ұятқа лайық”, – дейді Тайжан.

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді.

Талқылау