Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаудағы ұшақ апаты: Әзербайжандық кәсіпкер қаза тапқан қазақстандықтардың туыстарына пәтер берді

Әзербайжандық кәсіпкер Амиль Юсифов AZAL ұшағының апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына пәтер кілттерін табыс етті. Сондай-ақ қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлерге үш жаңа көлік сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Azertag.az

Ақтауда AZAL әуе компаниясының әуе апатында қаза тапқандарды еске алуға арналған шара өтті.

Шара барысында әзербайжандық кәсіпкер Амиль Юсифов қаза қазақстандықтардың туыстарына Алматыдағы жаңа тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі бес пәтердің кілтін табыс етті. Сонымен қатар, Ақтау қаласындағы құтқарушыларға үш жаңа көлік, аурухана мен жедел жәрдем станциясына қажетті жабдықтар сыйға тартты.

"Бұл оқиға бүкіл әлемге біздің бауырлас халық екенімізді тағы бір мәрте паш етті. Бұл жай ғана сөз емес, Ақтауда өз көзімізбен сезінген бауырмалдықтың шынайы көрінісі", – деді Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Агалар Атамоғланов.



Атамоғланов кәсіпкерге Әзербайжан мен Қазақстан халықтары арасындағы достықты дамыту мен нығайтуға қосқан баға жетпес үлесі үшін елшілік атынан алғыс хат табыс етті.

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде экипаж мүшесі бесеу. Апат салдарынан 38 жолаушы қайтыс болды, 29 адам аман қалды. 30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) бұл оқиғаны мұқият және әділ тергеуге шақырды. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.

Кейіннен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап еткен еді. Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізген. 

Талқылау