Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақша жымқырған": Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысына сот үкімі шықты

Ақтау қалалық сотында Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы Жамал Жаманбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Сот Жаманбаева Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы ретінде белгіленген лауазымдық міндеттер мен шектеулерге қарсы әрекет ете отырып, 2020 жылғы тамызда республика аумағында "Covid-19" инфекциясының таралуына байланысты бір көзден 222 000 000 теңге сомасына 6 жылжымалы рентген аппаратын сатып алу туралы "Сentropharm" ЖШС-мен келісім-шарт жасағанын анықтады.

Аппараттарды сатып алу үшін 2020 жылға арналған бюджеттік жоспарға нарықтық бағадан жоғары баға бойынша бюджеттік өтінім әзірленген. Облыстық мәслихатқа медициналық жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлу ұсынылды, соның нәтижесінде қалалық мәслихаттың шешімімен аталған қаражат бөлінді.

"Алайда мемлекеттік мекемелерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келісім-шарт облыстық қазынашылық департаментінен тіркеуден өтпеген. Бұдан кейін Ж.Жаманбаева ведомстволық бағынышты медициналық мекемелер арқылы сатып алу мақсатында аудандық емханалардың директорларымен бір көзден жылжымалы рентген аппараттарын сатып алуға "Сentropharm" ЖШС-мен келісім-шарт жасасуды талап етті, - деп хабарлады сотта.

Нәтижесінде Жаманбаева мемлекетке 29 540 000 теңге көлемінде шығын келтіріп, жоғары бағамен жабдықтар сатып алды.

"Сотқа дейінгі тергеу барысында ол кінәсін мойындап, келтірілген зиянның орнын толтырды, осыған байланысты кінәні мойындау туралы іс жүргізу келісімі жасалды. Басты сот талқылауында сотталушы кінәсін мойындады, қылмыстық іс материалдары бойынша жиналған дәлелдемелердің қатыстылығы мен рұқсат етілуіне қатысты дау тудырмады", - деп атап өтті сотта.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кәмелетке толмаған балалары болуын, оң мінездемені қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қабылдады. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен Жамал Жаманбаева ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған бірқатар мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Еске салайық, биылғы ақпан айында Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаеваның ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Ол сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінді. 

Жаманбаеваның туыстары президенттен көмек сұрады.

Гүлдана Қазтай
Бейсенбі, 06 Мамыр, 2021 09:57
Талқылау