Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

АҚШ-тан өз еркіңізбен кетіңіз: Елшілік қазақстандықтарға үндеу жасады

Фото: gov.kz

Вашингтондағы Қазақстан елшілігі АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандықтарды елден ерікті түрде шығуға арналған жаңа бағдарлама аясында АҚШ-тан кетуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елшілік өз ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында Қазақстан азаматтарына үндеу жариялады.

“АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі елде заңсыз жүрген азаматтар үшін өз еркімен қайтуға мүмкіндік беретін жаңа бағдарлама қабылдағанына назар аударамыз”, – делінген хабарламада. 

Елшілік мәліметінше, аталған бағдарлама аясында өз еркімен қайтам деушілерге қайту билеті толық төленіп, елге жеткен соң 1000 доллар көлемінде қаржы бөлу қарастырылған. Ол үшін CBP Home мобильді қосымшасы арқылы өтініш беру қажет.

“АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм бұл бағдарламаға қатысты: “Қамауға алынудан және басқа да қаржылық салдарлардан аулақ болудың ең қауіпсіз, реттелген әрі үнемді жолы” деген пікір білдірді”, – делінген хабарламада.

Елшілік АҚШ-та әр-түрлі себептермен мәртебесіз, заңсыз қалып қойған Қазақстан азаматтарына осы мүмкіндікті пайдалануға шақырады. Бұл заңсыз мигранттарға қолданылатын шаралардың алдын-алуға, мәселені заңды түрде шешуге және болашақта елге оралу құқығын сақтап қалу үшін маңызды қадам болмақ.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ-тан өз еркімен кетуге келісетін мигранттарға 1000 доллар мен жол ақысы төленетіні туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 07 Мамыр, 2025 08:56
Талқылау