Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та білім алып жүрген журналист: Кез келген қазақ америкалық бола алады, ал америкалық қазақ бола алмайды

АҚШ-тың білім жүйесі несімен ерекшеленеді, америкалықтар ұлтаралық неке жайлы не ойлайды және қазақтарға олардан не үйрену керек? Осы және өзге де сауалдарды Stan.kz тілшісі қазір АҚШ-та білім алып жүрген журналист Әсем Әлмұханбетке қойған еді.

Көпжылдық тәжірибесі бар журналист бүгінде АҚШ-тың Калифорния штатында оқып жүр. Әсем қазіргі уақытта "Болашақ" бағдарламасымен Сан Диего қаласындағы UCSD Extension-де тілдік курсын аяқтап, енді журналистика бойынша білімін алады.

- Америка ойыңдағыдай болды ма?

- АҚШ толықтай көңілімнен шықты. Маған бәрінен бұрын қызмет көрсету сапасы мен халықтың бір-біріне деген қарым-қатынасы ұнады. Бюрократия аз, қоғамдық көлік мәдениеті дамыған. Қоршаған ортаға құрметі ерекше. 

- Қандай мамандық бойынша білім алуға шешім қабылдадың және не себепті осы университет және штат?

- “Болашаққа” БАҚ категориясы бойынша қабылданғандықтан БАҚ-қа қатысты мамандықты таңдауым қажет. Бағдарлама шарты бойынша бес университетке құжат тапсырыуым керек. Оның нәтижесі көктемде белгілі болады. 

- АҚШ-тың білім жүйесі несімен ерекшеленеді, артықшылықтары қандай?

- АҚШ-тың оқу жүйесінде студентке әрқашан таңдау еркіндігі беріледі. Әр студент пәнді, мұғалімді өзі таңдайды. Оқытушы көңілінен шықпаса, оны ауыстыруға құқылы. Ал семестр соңында студенттер анонимді түрде мұғалімдерге түрлі критерий бойынша баға береді, көңілінен шыққан немесе керісінше ұнамаған тұстары сұралады. Пәнді қызықты әрі пайдалы қылу үшін студент өз ұсынысын айтады. Оны мұғалім оқып, қорытынды жасайды. Мұндай жүйе оқыту әдісінің ілгерлеуіне жағымды әсер етпей қоймайды. 

Маған мұнда оқу (reading) пәні ерекше ұнады. Нақтырақ айтсам, аталмыш пәннің оқыту әдісі көңілімнен шықты. Пәннің мақсаты тек маңызды даталарды жаттау емес, автордың оқырманға жеткізгісі келген ойын түсінуге талпыну, өмірлік сабақ алу. Себебі оқу сабағында белгілі бір кітап таңдалып, ондағы оқиғаларға, кейіпкерлердің шешіміне, әрекетіне қатысты сұрақтар қойылады, студенттің пікірі сұралады. Мұндай әдіс студенттің сыни көзқарасын, өз бетінше ойлау қабілетін дамытады, өмірлік түрлі жағдайларға қатысты өзіндік пікірін қалыптастыруды үйретеді.

Менің ойымша, бұл әдісті Қазақстанның орта білім беру мекемелеріне кірістіру қажет. Себебі білім беру тек маңызды даталарды жаттау емес, оқушының сыни көзқарасын дамыту, анализ жасау, дұрыс пен бұрыстың аражігін ажырату, түрлі жағдайларға қатысты адам тек көпшіліктің айтқанымен жүрмей, өзінің пікірін қалыптастыруды үйренеді. Бұл тек пән бойынша ғана емес, өмірлік сабақ болары анық. 

- Неге Еуропа емес, Американы таңдадың?

- АҚШ-та сөз бостандығы бар. Мұнда журналистиканы құрал деп қабылдамайды. Қазақстанда “журналист болу үшін журналистиканы төрт жыл оқу қажет пе?” деген сұрақты талқылап жатқанда, мұнда халыққа ақпарат жеткізудің, журналистикада жаңа технология игіліктерін пайдалану мен медиа саласындағы тың өзгерістерге бейімделудің жолдарын игеруде. АҚШ-та білім алу менің бала кездегі арманым болғанын да ескеру қажет.   

- Өзің қазіргі уақытта тұрып жатқан Сан Диегоның тұрғындары қандай?

Сан Диегода тұрғаныма 10 айға жуықтапты. Осы уақыт аралығында байқағаным аталмыш қала тұрғындары жылыжүзді, сыпайы. Бейтаныс адаммен көз түйісіп қалсаңыз күлімдей салады. Адамдар бір-бірін танымаса да амандасып, хал сұрасып жатады. Кейде байқамай адамның жолын бөгесеңіз, сіз “Exuse me” деп аузыңызды ашқанша, сізден кешірім сұрап үлгереді. 

Сан Диего тұрғындарының үй жануарын жақсы көретінін байқадым. Онда иттерге арналған саябақ, сән салондары, дүкендер бар. Екінің бірі көшеде ит жетектеп жүреді. Оларды отбасы мүшесі ретінде қабылдайды. Балаға арналған арбаға иттерін салып алып қыдырып жүргендерді де көп кездестіресіз. 

Жаңбырлы күні өзі жаңбырдың астында шылқыған су болса да, итіне жаңбыр суынан қорғайтын киім, аяғына резеңке етік кигізіп қойғанын көріп “жануарға деген не деген махаббат” деп таңғалғаным бар.  

Шетелде білім алғысы келетін Қазақстан жастары нені ескеруі керек?

- Шетелде білім алғысы келетін кез-келген жас ең алдымен сол елдің тілін жетік меңгергені абзал. Ал шетелде тілді оқуды мақсат етсе шетелдіктермен тіл табысып, жергілікті тілде сөйлейтін орта қалыптастыруға кеңес беремін. Онымен қоса, шетелде білім алудан бөлек, сол елдің мәдениетіне үйренісуге де кейде уақыт қажет. Кейбіреулер ата-анасынан, достарынан жырақта өмір сүруге психологиялық тұрғыда дайын емес болғандықтан, депрессияға да түсуі мүмкін. Шетелде өз бетінше білім алуға қаржылық мүмкіндігі жоқ жастарға көптеген бағдарлама бар екенін еске салғым келеді.

- Шетелдік оқытушылардың отандық оқытушылар мен педагогтерден айырмашылығы неде деп ойлайсың?

Ең басты айырмашылығы - оқытушылардың студентті өзімен тең көруі. Оқытушы әрқашан студенттің пікіріне құлақ асады, өзі келіспесе де оның пікіріне сыйластықпен қарайды. АҚШ-та студенке зеку, дауыс көтеруге жол жоқ. Мұндай әрекет өз қызметін асыра пайдаланумен пара-пар. Сабақ оқымай келген оқушыны сыныптастарының, құрбы-құрдастарының көзінше ұрыспайды, дауыс көтермейді. Тіпті қойған бағаны да өзге студенттерге айтпайды. Бұл бір жағынан оқушының психологиялық жағдайын ойлау болса, екіншіден, АҚШ-та әркім өзі үшін ғана оқиды деген принципті ұстанғандығының көрінісі.

Сіздің оқуыңыз, өз бетінше ізденуіңіз тек өзіңіз үшін қажет. Білім алудың мұндай әдісі адамның өз өмірі үшін жауапкершілік алуды үйретеді. Баға үшін емес, өзің үшін оқуға баулиды. Ең бастысы, мұғалім міндетін орындап студентке бағыт-бағдар беру, қажетті ақпаратты ұсыну. Америка мен Қазақстан мұғалімдерінің тағы бір айырмашылығы - мұғалімдердің студенттермен өзін еркін ұстауында. Олар қажет кезде күледі, студенттермен қалжыңдасады, шынайы эмоциясын көрсетуден қорықпайды.  


- Америкалықтар мен қазақтардан қандай ұқсастық пен айырмашылық байқадың? Қазақтарға олардан не үйрену керек?

- Кез келген қазақ қаласа, америкалық бола алады. Ал кез келген америкалық қазақ бола алмайды. Бәлкім америкалық пен қазақтың басты айырмашылығы осында шығар. Себебі қазақ мәдениеті, менталитеті америкалық мәдениет пен менталитеттен мүлде бөлек. 
Америкалықтардың өмірге көзқарасы, түсінігі қазақтікінен өзгеше. Сондықтан оның қазақ қоғамына сіңісіп кетуі екіталай. Ал кез-келген қазақ АҚШ қоғамына үйренісе алады. 
Әр елден, ұлттан үйренетін тұстары болады. Америкалықтардан ең басты үйренетініміз ол - мәдениетті болу. Яғни, адамның жеке таңдауын, өмірге көзқарасын (сіздікімен сәйкес болмаса да), түсінігін сыйлау. Сөкпеу.

Біреуді сынап, энергияңды желге жұмсағанша, өзіңді дамытуға уақыт бөлу, өзіңнің және және өзгенің уақытын сыйлауды үйренуіміз қажет. 

- Америкада көңілің толмаған тұстар болды ма?

- АҚШ-та медицина өте қымбат. Медициналық сақтандыру болмаса өте қиын. Әсіресе тісті емдету қажет болса, билет сатып алып, Қазақстанда тісіңізді жасатып, қайтып келген арзанға түседі. АҚШ-та үйі жоқ, дала кезіп жүргендер көп. АҚШ-тың Калифорния штатында марихуана пайдалану заңды. АҚШ-та біржынысты жұптарды, трансвеститтерді көп кездестіресіз. АҚШ-тың тамақтану орындары мәзірінде денсаулыққа пайдалы сусындар жоқтың қасы. Оның орнына көбіне газды су беріледі. 

- IELTS пен TOEFL емтихандарынан басқа АҚШ университеттеріне тапсыруға қандай құжаттар керек?

Әр университет пен колледждің өз талабы бар. Дегенмен, барлық ЖОО-ға тапсыру қажет ортақ құжаттар бар. Олардың бірі - уәждемелік хат. Онда талапкердің неліктен дәл сол университетке, мамандықта оқығысы келетінін және өзге үміткерлерден неліктен дәл сол талапкердің университетте оқуға лайықты екенін түсіндіруі қажет. Уәждемелік хатты жазудың да өз ережелері бар. Аталмыш құжат өте маңызды. 

Екіншіден, талапкерге екі, кейде үш адамнан мінездеме сұралады.  Университетте сабақ берген оқытушы немесе ғылыми жұмысына жетекшілік еткен адам үміткердің оқу, зерттеу жүргізу қабілетін сипаттайтын болса, енді бірі профессионалды қырына мінездеме бергені абзал.

Келесі құжат - түйіндеме. Онда талапкер жынысын, жасын немесе отбасылық жағдайын жазбағаны дұрыс. Себебі АҚШ-та аталмыш ақпарат адамның оқу, жұмыс істеу қабілетіне әсер етпейді деген ойда.

GRE-ды (АҚШ-та аспирантура, магистратура сияқты оқу бағдарламаларына түсу үшін тапсыратын тест-авт.) қажет ететін мамандықтар бар. АҚШ-тың оқуға қабылдану процесі осымен ерекшеленеді. Аталмыш емтихан тек АҚШ-тың білім ордаларында оқу үшін тапсырылады. Кейбір университеттер жұмыс өтілі бес жылдан асатын, магистратура оқыған немесе дипломдағы GPE-сі жоғары үміткерге GRE тапсыруды міндеттемейді.  

Кейбір университеттер қосымша эссе жазу, бейнебаян түсіру немесе портфолиоңыздың болуын талап етуі мүмкін. Ол мамандық пен университетке байланысты. 

Америкалықтардың шетелдікдіктерге, ұлтаралық некеге деген көзқарасы? 

- АҚШ -  көпұлтты ел. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамды көре аласыз. Қоғамдық орында жүргенде бұрын-соңды естімеген тілді естисіз. АҚШ-ты бірнеше мәдениет тоғысқан ел дер едім. Сондықтан мұнда екі ұлт өкілінің отбасын құруы қалыпты жағдай. Әсіресе оңтүстік, шығыс және батыста түрлі ұлт өкілдері шоғырланған. Ал орталықта жергілікті халық көп тұратындықтан шетелдіктерді онда жақтырта бермейді деп естігенім бар. Десек те, АҚШ расизммен күресуді мықтап қолға алған елдердің бірі деп ойлаймын. 

- Америка мәдениеті жайлы не айтасың?

- Америкалықтар біреудің жеке өміріне араласып, орынсыз, ыңғайсыз сұрақ қоймайды. Біреудің не киіп, қалай жүргенінде де шаруасы жоқ. Себебі өзге адамның жеке таңдауын сыйлайды. Бұл да адамның ішкі мәдениетін көрсетсе керек. Біреуді жөн-жосықсыз сынау, қаралау, сұрамаса да ақыл айту, біреуді сөгуге де орын жоқ. Әркім өзі қалағандай өмір сүреді, қалаған ісімен айналысады. Мәселен, сальса мен бачата биін үйрететін орталыққа барғанымда онда тек жастарды емес, қарияларды да көрдім. Арасында жастарды биден шаң қаптырып кететіндер де бар. “Мынау қарияға не жоқ? Үйінде отырмай ма?” деп ешкім сынамады. 

- Көбісі ол жақтағы тұрмыс жағдайды жоғары, соған сай өмір сүру өте қымбат дейді. Жалпы қымбатшылық өмір сүру деңгейіне сәйкес пе?

- АҚШ-тағы жалақы өмір сүру деңгейіне сай деп ойлаймын. Жұмыссыздарға қаржылай көмек көрсетіледі және қосымша отбасындағы әр адам басына азық-түлік беріледі. 

- Әсем, сұхбатыңа рақмет! Қалаған оқу орныңа түсіп, алдағы жоспарларыңның орындалуын тілектеспіз!

 

Сұхбаттасқан Назерке Мұса

Талқылау