АҚШ Иерусалим үшін мұсылмандармен қақтығысып қалды
Бүгін Палестинада жалпыхалықтық көтеріліс болды. Көтерілісте жегілікті саяси күштер ФАТХ пен ХАМАС та бірікті. Араб халқы Қасиетті қаланың шығыс бөлігі уақыт өте келе тәуелсіз мемлекеттің астанасы болуы үшін жақтасуда.
Бұл туралы РИА Новости хабарлайды.
Иран, Иордания, Сирия, Сауд арабисяының пайымдауынша, АҚШ Иерусалимді Израиль астанасы етіп тануы арқылы палестиналықтардың құқығын таптап, БҰҰ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің 1947 жылы шығарылған қарарын бұзған.
ХАМАС ислам қозғалысы 8 желтоқсанды «қайсарлық күні» деп атады. Олар Трапмпты «тозақ қақпасын» ашты деп кінәлады.
Тек Палестина аумағында ғана емес, күллі мұсылман әлемінде наразылық туындады. Иорданияда АҚШ шешімі «халықаралық құқықты бұзу» деп танылды. Ал Эр-Риядта Иерусалимді Израиль астанасы деп тану «жауапсыз әрі қисынсыз қадам» деп мәлімдеді. ХАМАС ұйымын қолдайтын Иран Тель-Авивте палестина аумағын бөліп алу үшін қарулы қақтығыс бастайтынын айтып, сес көрсетті.
Азаттық Радиосы хабарлауынша, Трамп израильдіктер үшін де, палестиналықтар үшін де тиімді бейбіт келісімнің жасалуына қолынан келгенше ықпал ететінін мәлімдеді.
АҚШ Конгресі 1995 жылы федералдық үкіметті Иерусалимді Израиль астанасы деп тануға және АҚШ елшілігін осы қалаға көшіруге шақырып, Иерусалим туралы заң қабылдаған. “Бұл заңды Конгрестегі қос партия көпшілік дауыспен қолдады және жарты жыл бұрын ғана сенатта бірауыздан дауыс беру арқылы бекітілді” деді Трамп.
Дегенмен, 20 жылдан астам уақыт бойы бұрынғы АҚШ президенттері заңды орындаудан және Иерусалимді Израиль астанасы деп танудан бас тартып келген.
Президенттер Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындаудан бас тарту бейбіт келісім жасауға түрткі бола ма деп, заңды қолданбай келген. Трамп кейбір сарапшылардың бұрынғы президенттер бұл мәселеде батыл бола алмады дегенін, бірақ олар сол кездегі фактілер бойынша заңнан оң ниетпен ғана бас тартқанын еске салды.
“Жиырма жылдан астам уақыт бас тартып келгенде Израиль мен Палестина арасында берік бейбіт келісім орната алмадық. Осы жолмен жүре берсек, жағдай жақсы жағына қарай өзгереді деу ақымақтық болар еді” деді Трамп.
АҚШ президенті бұған дейін Израиль, Палестина автономиясы, Сауд Арабиясы, Египет пен Иордания басшыларымен телефонмен сөйлескенінде Вашингтон Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындап, елшілігін осы қалаға көшіретінін хабарлаған болатын.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның 6 желтоқсанда таратқан мәлімдемесінде Трамптың шешімі нақты жағдайға сай келіп тұрғаны, себебі Иерусалимде Израильдің заң шығару органы, Жоғарғы соты, президент кеңсесі мен премьер-министр кабинеті орналасқаны айтылады.
“Біз президент шешім қабылдамас бұрын көп елмен, серіктерімізбен және одақтастарымызбен кеңестік. Біз бұл шешімнің мызғымас бейбітшілік орнатуға мүмкіндік тудыратынына сенеміз” деді Тиллерсон.
Араб елдерінің басшылары Дональд Трамптың шешімін қатаң сынға алды. Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі бас комиссары Федерика Могерини палестиналықтар мен израильдіктер арасындағы болашақ бейбіт келіссөзге нұқсан келтіретін кез-келген қадамнан тартыну қажетін мәлімдеді. Франция сыртқы істер министрлігі Иерусалим мәртебесі Израиль-Палестина келіссөзі нәтижесінде анықталуы тиіс екенін мәлімдеді.
Иерусалимді Израиль астанасы деп танып, АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіру халықаралық келісімге қайшы. Батыс елдерінің көпшілігі Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындамайды. Палестиналықтар мұсылман, христиан және еврейлердің киелі орындары шоғырланған қаланың ескі бөлігі – Шығыс Иерусалимді өздерінің астанасы деп тануды талап етіп отыр.
Оқи отырыңыз:
КСРО халық артисі Леонид Броневой өмірден озды
Мобильді қосымшаның кесірінен 29 баланың жағдайы нашарлап, ауруханаға түскен
Бодибилдер түрмеге денесіндегі есірткімен бірге барған
Жеті жасар қызға азғындық жасаған мұғалім қамаудан құтылып кетті