"АҚШ бізге қысым көрсетіп, өз жағына тартпақшы": Жапаров санкцияға қатысты хабарламаға жауап берді
Садыр Жапаров АҚШ сенаторының Қырғызстан республикасы Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтуге үлес қосып жатыр деген мәлімдемесіне жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Кабар" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Сенаттың халықаралық қатынастар комитетіне төрағалық ететін АҚШ сенаторы Роберт Менендес Жапаровқа хат жолдаған болатын. Хабарлама Қырғызстан Ресейге немесе оның өкілдеріне салынған халықаралық санкцияларды айналып өтуге көмектесіп жатыр деген айыптауларға негізделіп жіберілген. Төраға мұндай айыптаулар демократиялық қағидаттардан ауытқудың кең тараған тенденциясы жағдайында орын алғанын атай отырып, Қырғызстан президентін бағытты өзгерту үшін шаралар қабылдауға шақырды.
"Олай деуге негіз де, себеп те жоқ. Ресей мен Қытай шағын Қырғызстанға тәуелді емес. Бұл елдер бізге көрші болып саналады. Олардың арасында төрт мың шақырым ортақ шекара бар. Ресей қаласа, теңіз арқылы қалаған тауарын вагондармен немесе баржалармен әкеле алады. Иә, қырғыз компаниясының дрон түріндегі жүгі Қазақстанда ұсталды. Компания ұшқышсыз ұшақтардың ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне арналғанын түсіндірді. Соған қарамастан, біз дрондар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын экспорттауға тыйым салып отырмыз", - деді Жапаров.
Сенатордың хатына келсек, Қырғызстан Президентінің атына көптеген саясаткерлердің хаттары келіп жатыр.
"Мен мұны Қырғызстанға қысым көрсетіп, бізді өз жағына тартудың қарапайым сылтауы деп санаймын. Біз бұған жол бермейміз. Біз тәуелсіз елміз. Біз барлық елдермен тең құқылы қарым-қатынаста боламыз. Біз көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанатын боламыз", - деді Жапаров.
Ол Ресей мен Украина мәселесінде Қырғызстанның бейтарап ұстанымды ұстанатынын айтты.
"Біз алдағы уақытта да осы ұстанымнан қайтпаймыз. Позициямызды өзгертсек те өзгертпесек те бұл мәселе шешілгелі тұрған жоқ. Бұл біздің шешімімізге байланысты емес", - деп түйіндеді Жапаров.