Ақмола облысының экс-әкімі туризм және спорт министрлігін басқарады
Ақмола облысының әкімі болған Ермек Маржықпаев Туризм және спорт министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Боранбайұлы Маржықпаев Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды”, – деп мәлімдеді Ақорда өкілдері.
Маржықпаев Ермек Боранбайұлы, 1969 жылы туған, Целиноград қаласының тумасы. С.Сейфуллин атындағы Ақмола мемлекеттiк педагогикалық институтын (тарих мұғалiмi), "Тұран" университетiн (заңгер), Көкшетау университетiн (қаржы бакалавры) бiтiрген.
Еңбек жолын 1991 жылы Астана қаласындағы № 29 мектептің дене шынықтыру мұғалiмi, бокстан жаттықтырушы болып бастаған. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi Мемлекеттiк бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлiмiнiң Мемлекеттiк инспекторы, Көкшетау қаласының әкiмi, Ақмола облысының әкiмi қызметтерін атқарған.