Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысындағы балабақша басшылығы домофон орнату құнын 25 есе қымбаттатып жіберген

Ақмола облысында "Балдырған" балабақшасы тендер арқылы 6,5 миллион теңгеге домофон орнатпақ. Ал басқа балабақшалар ұқсас қызметті бірнеше есе төмен бағалаған. Бұған қатысты Stan.kz тілшісі өңірдегі білім басқармасына хабарласып, сатылымның рас-өтірігін анықтап көрді.

Фото: Stan.kz

Сауда-саттық порталындағы мәліметтерге сенсек, әр өңірдегі балабақшаларда домофондарды және аналогтық жабықтарды орнату бағасы әртүрлі. Бұған дәлел ретінде мына сандарды ұсынамыз. Мәселен, Қостанай облысы Меңдіқара ауданындағы "Балауса" бөбекжай-бақшасында 219 500 00 теңгеге тендер ойнатылған.

Дәл мұндай бағаны сол аймақтағы "Жас әлем" және Арқалықтағы "Алпамыс" бөбекжай-бақшысы көрсеткен.

Бұдан кейін Қостанай облысындағы Қарасу ауданына қарасты "Нұр сәби" балабақшасында тендер 391 964, 29 теңгеге ойнатылған. Ал ең арзан соманы Арқалықтағы "Золотой ключик" бөбекжайы қойған. Сома – 196 982,14 теңге.

Фото: Сауда-саттық порталынан

Ең қызығы, Ақмола облысы, Жарқайың ауданындағы Державинс қаласы аталған өңірлерден қарағанда он алты есе көп қаржы жұмсағалы отыр. Соманың қайда кететінін облыстағы білім басқармасынан сұрадық. Балабақша қомақты қаражатқа техникалық құрал-жабдық сатып алатынын растады.

"Ақмола облысы білім басқармасының Жарқайың ауданы бойынша білім бөліміне қарасты Державинск қаласындағы "Балдырған" бөбекжай-бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 6 500 000 теңгеге домофон орнату бойынша сатып алу туралы жарнаманы жариялайды", – деп жауап берді білім басқармасы.

Сонымен қатар олар Сlobal-safety кәсіпорны басшысы Әйгерім Мұратқызымен келісілген шартты ұсынып, не себепті қымбатқа шыққанын түсіндіріп берді. Екі арадағы шарт осы жылдың 14 қазанында жасалған.

Фото: Білім басқармасынан

Фото: Білім басқармасынан

  • Домофоннан 5 дана. Біреуі 650 000 теңге тұрады. Жалпы шығын 3 250 000 теңге. 
  • Ішкі домофонның жоғары өнім дизайны: 7 дюймдік, бұдан 5 дана сатып алынбақ, біреуі 250 000 теңге, жалпы сома – 1 250 000 теңге.
  • 350 DS-350PIK маркалы "Электромагнитті қоңыраудың" бес данасы керек. Оның әрқайсысы – 40 000 теңге. Барлығына 200 000 теңге жұмсалмақ.
  • Бес дана күміспен қапталған есік жапқышы. Оның біреуі 5000 теңге тұрады. Сонымен 250 000 теңге болмақ.
  • Одан кейін аккумулятор батереяларының 1 данасы қажет екен. Біреуі 550 000 теңге.
  • Есіктерге қажет металл 3 мм. Есікті әрлеу, дәнекерлеу, сырлау, кабельді жерден тарту, құбырлар тарту бойынша 1 данасы сатып алынбақ. Бұл заттар 450 000 теңге тұрады.
  • Экранға қоятын кабель, сыртқы – 2 000 метр. Бағасы бірлігіне 200 теңге, жалпы – 400 000 теңге.
  • Оптикалық кабельдің буферлік жабындысы, бәріне 1200 метр кетеді. Біреуі 400 теңге. Метрмен санағанда 480 000 теңге жұмсалады.
  • Коммутатор арқылы басқару – 4 дана, бірлігі 20 000 теңге, жалпы – 80 000 теңге.
  • Монтаж материалдары: Кабель канал, гофра, қондырмалар, өзі бұралатын бұрандалар, кабель.
  • Монтаж жұмыстары: Видеодомофон мен шақырту панелін орнату, есікке магнит орнату, есікті металмен қаптау, дәнекерлеу, бұрғылауға 930 000 теңге кетеді.

Домофонды қоспағанда шығын 7 507 000 теңге болды. Алайда біз есептеп көргенде жалпы сома 7 912 000 шықты. Сонда 405 000 теңге жетіспей тұр. Білім басқармасына қайта хабарласқанымызда мардымды жауап ала алмадық. 30 қазан күні жіберген келісімшартта сома 1 миллионға азайған. Ең қызығы, сатып алушы кәсіпорын иесінің де аты-жөні өзгеріп кеткен. Мұны білім басқармасы әртүрлі компаниялардан бірнеше баға ұсыныстары жіберіледі деп түсіндірді.

Бұдан кейін Ақмола облысы білім басқармасының қаржы-ақпараттық орталығының басшысы Нұржан Сыздықов қазір екі жеке кәсіпкер конкурсқа қатысып жатқанын айтты. Одан домофонның бағасы неліктен көп көрсетілгенін анықтадық.

"Алдағы уақытта тағы басқа кәсіпорындар қосылады. Кімнің ұсынысы жақсы сол қабылданады. Әр кәсіпкер өзінің бағасын ұсынады. Домофонның құнын неліктен қымбаттатқанын білмеймін. Оған енді орнату, қою, сатып алу жұмыстары кіреді емес пе?! Сұраныстың көп болуына байланысты баға 4,5 немесе 3,5 миллионға да түсіп кетуі мүмкін”, – деп жауап берді Нұржан Сыздықов.

Фото: Білім басқармасынан

Еске салайық, бұған дейін шығысқазақстандық шенеуніктер мемлекеттік сатып алу сайтына тендерді жеңіп алу нұсқаулығын жариялап жібергенін жаздық. Бұдан кейін оларға іс қозғалып, тергеу басталды. Басқарма өкілдерінің айтуынша, Самара облысындағы "Самар-Вет" коммуналдық кәсіпорны дербес заңды тұлға. Ал бұл хабарландыруды ауыл шаруашылығы басқармасы мемлекеттік сатып алуларға жүргізілген ішкі мониторинг қорытындысы бойынша анықтап, күшін жойды.

Талқылау