Ақмола облысында су тасқынынан кейін үй салуға бөлінген қаражаттың 300 миллион теңгесі ұрланған
Үкімет Ақмола облысына су тасқынынан кейін үй салуға бөлінген қаражаттан 300 миллион теңге ұрланғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Үкімет
Мәліметтерге сенсек, Ақмола облысының арнайы прокурорларымен 300 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімі, "Престиж Строй 7" және "Фундаменталь" ЖШС-нің басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды.
"Аталған қаражаттар 2021 жылы үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру үшін екі 100 пәтерлі үйлерді салуға бөлінген. Күдіктілер әрекеттері аса ірі көлемде жымқыру – талан-таражға салу, яғни Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды. Көрсетілген бап бойынша мүлкін тәркілеумен қоса 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – делінген хабарламада.
Екі күдікті сот санкциясымен күзетпен ұстауға, қылмысқа үшінші серіктес үйқамаққа алынды.
Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүлік – Алматы, Астана қалаларында коммерциялық жылжымайтын мүлік, арнайы техника, құрылыс құрылғылар және банктық шоттарда 50млн теңгеден астам ақшалай қаражат табылды. Тиым салынған мүліктің бағаланған құндылығы 335 миллион теңгеден асты.
Прокурорлармен, аталған мүліктің бір бөлігі жалға беріліп, қылмыстық пайда түсірілгені анықталды.
Сол себепті, бір күдіктінің әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату), яғни Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Бұл үшін мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазір қылмыстық процеске қатысушылармен қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін ерікті Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деп күдікке ілінгенін жаздық. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ол қайырымдылық ақшасын сән бұйымдары, автокөліктер, жылжымайтын мүлік сатып алуға және қымбат қонақүйлерде демалуға жұмсаған. Сонымен қатар ол ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, достары мен туыстарына сыйақы берген. Перизат Қайрат ұсталды, тергеу жүргізіліп жатыр.