Ақмола облысында өрттен үш адам қаза тапты
Ақмола облысы Купчановка ауылында мерекелік дастархан үш адамның қазасымен аяқталды. Бір адам ғана аман қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға 1 наурыз күні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 46 жастағы үй иесі ұлының кәмелетке толғанын тойлаған. Олар қонақ шақырып, мерекелік дастархан жайған.
"Өрт туралы хабарлама кеш келген. Өрт тез таралып кеткен. Бірнеше минуттың ішінде үй толығымен өртке оранды. Өрт сөндіру кезінде үш адамның мәйіті табылды", – дейді Ақмола облысы ТЖД өрт бақылау басқармасының бөлім басшысы Думан Дәлешов.
Үй иесі мен оның екі қонағы – 1987 жылы туған әйел мен 1994 жылы туған ер адам қайтыс болды. Бір ер адам терезені сындырып қашып үлгерген, ол өрт сөндірушілерді шақырған.
"Өрттің шығу себебі мен өлімнің мән-жайы анықталуда, сот-медициналық сараптама тағайындалды", – деп толықтырды ТЖД баспасөз қызметі.
Құтқарушылар өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау керектігін ескертеді.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
