Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында онкүндік аясында 150-ден аса шара өткізілді

Ақмола облысы Зеренді ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмат Балтағарин аймақта 5-16 қыркүйек аралығында 150-ден аса шара өткізілгенін мәлімдеді. Олардың басым бөлігі Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы мен Тілдер күніне арналған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алмат Балтағариннің сөзінше, іс-шаралар бірнеше айтулы оқиғаларды қамтыған. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығына орай қазақ тілі мамандары арасында "Ұлт ұстазы" атты аудандық байқау өткен. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар түрлі сыйлықтармен марапатталған. 

"Зеренді аудандық өрт сөндірушілер қызметкерлері арасында "Қазақ әліпбиінің атасы" атты интеллектуалды ойын өтті. Әлеуметтік желіде онлайн викториналық сауалнамалар ұйымдастырылды. Мемлекеттік мекемелерде өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында "Жаңа ұлттық әліпби – сауатты жазуды қалыптастыру" байқауы өтті", – деді ол. 

Мәдениет бөлімінің басшысы Зеренді аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысуымен "Ахмет – ұлт ұстазы" атты диктант өткен. 

"Шағын және орта бизнес өкілдері арасында мемлекеттік тілді IT-жобалар арқылы үйрету және көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде орналастыру жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ бұл онкүндік аясында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұлт ұстазының бейнесабақтар мен нақыл сөздері жарияланды", – деп қосты ол. 

Бұдан бөлек орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 20-дан астам кітап көрмелері ұйымдастырылды. Көрмелер Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған. 

Талқылау