Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында 500 тұрғыны бар ауыл әкімдігі 350 миллионға спорт кешенін сатып алмақ

Ақмола облысындағы Степногор қаласының әкімдігі ауылдағы ғимаратты сатып алу үшін 350 миллион теңге жұмсап, жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ru.freepik.com

Степногорск қаласының әкімдігі Қырық құдық ауылындағы ғимаратты 350 миллион теңгеге сатып алды. 

Шенеуніктердің айтуынша, олар 2024 жылы ғимаратты 401,7 миллион теңгеге сатып алмақ болған. Алайда прокуратура бұл тендерді алып тастады. 2025 жылы жаңа әкім нысанды сатып алмақ болып тағы да әрекет жасады. Осылайша бағаны 350 миллион теңгеге дейін төмендеткен.

Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының дерегінше, Қырық құдық ауылында 570 адам тұрады, ал 16 жасқа дейінгі балалар саны – 200. 

“Қырық құдық ауылында 1973 жылы салынған орта мектеп бар, онда 97 бала білім алып жатыр. Сондай-ақ 1998 жылы салынған 25 оқушы оқитын шағын орталық, 2009 жылы орнатылған екі кітапхана, медициналық пункт және орталықтандырылған су құбыры бар”, – деп мәлімдеді әкімдік.

Осы ретте әкімдіктегілер ауылда мәдениет және спорт нысандардың жоғын айтып қалды. Сол себепті қала әкімдігі Қырық құдық ауылындағы "Мәдени-спорт кешенін" сатып алуға 350 миллион теңге сомасына бюджеттік өтінім берген.

“Кешеннің ауданы – 800 шаршы метр. Онда баскетбол, волейбол, футбол алаңдары бар спорт залы, 100 орындық акт залы, 13 мың дана кітап қоры бар кітапхана, киім ауыстыратын бөлме, түрлі үйірмелер өткізуге арналған төрт бөлме бар. Бұл мәселе облыстық бюджет комиссиясының қарауына ұсынылды”, – деп мәлімдеді Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы. 

Әкімдіктің мәліметінше, Қырық құдық ауылы облыстық нормативтер жүйесіне сәйкес "дамитын" ауылдарға жатады және ол Степногорск қаласының тірек ауылдық елді мекені болып саналады. Ол республикалық маңызы бар жолдың бойында, облыс орталығынан ұзындығы 220 шақырым, аудан орталығынан 45 шақырым жерде орналасқан.

Талқылау