Семей полигонында радиациядан зардап шеккен қазақстандық Ресейге көшкеніне қуануда: Ол жақта әйелге қандай жеңілдіктер беріледі?
Қазақстаннан Ресейге көшіп барған әйел Семей полигонынан зардап шеккені үшін алған құжаты Ресейде ғана пайдаға жарағанын желіде мәлімдеді. Сөзінше, елімізде радиацияға ұшырағандарға қарастырылған жеңілдіктер мен көмек жоқтың қасы. Ол салыстырмалы түрде Ресейде радицияға ұшырағандарға көрсетілетін жеңілдіктер тізімін ұсынды. Онда коммуналдық қызмет, мүлік салығынан босатылу, зейнетке 10 жыл ерте шығу деген сияқты артықшылықтар бар көрінеді. Stan.kz тілшісі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен Қазақстанда осы санаттағы адамдарға қандай көмек берілетінін анықтады.
Коллаж Stan.kz
Татьяна Араповаға Семей полигонындағы ядролық сынақтың радиациясынан зардап шекті деген құжат берілген. Кейін ол Қазақстаннан Ресейдің Краснодар қаласына көшкен. Сөзінше, қазір Ресейде оған осы құжаты болғаны үшін көптеген жеңілдік жасалып жатыр. Ал Қазақстанда бұл құжат шаң басып қалған, полигон құрбандарына жеткілікті түрде көмек көрсетілмейді дейді ол.
Жерлесіміз Ресейде радиацияға ұшырағандарға көрсетілетін жеңілдіктерді тізіп шықты:
- Коммуналдық қызметтердің (жарық, газ, су) жартысын төлеп беру;
- Мүлік салығынан (көлік, жылжымайтын мүлік, жер) босатылу;
- Ай сайынғы төлем – 3044 рубль (17 420 теңге);
- Азық-түлік өнімдерін сатып алу үшін ай сайынғы төлем – 884 рубль (5056 теңге);
- Қосымша 14 күн ақылы еңбек демалысын төлеп беру. Яғни еңбек демалысына 14 күн қосылады;
- Зейнетке 10 жылға ертерек шығу;
- Штат қысқартылған жағдайда жұмыста қалатындар ретінде басымдық беру;
-
Медициналық көрсеткіштерге сәйкес (ауру немесе жарақатына байланысты) төмен жалақысы бар басқа жұмысқа ауыстырылса, онда оған алдыңғы жалақыдай ақша алуы үшін қосымша төлем өтеледі;
- Уақытша еңбекке жарамсыз болып қалған кезде орташа жалақы мөлшеріндей жәрдемақы төлеу;
- Емханалар мен емдеу-алдын алу мекемелерінде кезектен тыс қызмет көрсету;
- Әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында орындармен қамтамасыз ету;
- Жеке тұрғын үй құрылысы учаскелерін кезектен тыс беру;
- Қажет дәрі-дәрмекпен, медициналық бұйымдармен, ерекше балаларды арнайы тамақпен қамтамасыз ету;
- Санаториялық-курорттық емделуге жолдамалар;
- Емделуге бара жатқан жағдайда теміржол билетін толық төлеу;
- Қоғамдық көліктің барлық түрінде жеңілдікпен жүру.
Ал Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Семей полигонының салдарын көргендер құқығы "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңмен қорғалатынын мәлімдеді. Мәлімдеулерінше, мұндай азаматтарға арнайы құжат ұсынылады.
Заң бойынша арнайы құжат кімге беріледі:
- 1949-1965 жылдары әуе және жерүсті ядролық жарылыстарын жүргізу кезеңінде радиоактивті заттармен ластанған аумақтарда тұрған, сонда жұмыс істеген азаматтар;
- 1966-1990 жылдары жерасты ядролық жарылыстарын өткізу кезеңінде осы аумақтарда тұрған не жұмыс істегендер;
- 1949-1990 жылдары жеңілдікті әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бар аумақта тұрған, жұмыс істеген азаматтар;
- Жоғарыда аталған жылдары тұрғанның салдарынан балалары не өзіне радиация кесірінен денсаулығына зақым келгені анықталғандар.
“Ядролық сынақтар жүргізу кезінде радиациялық әсерге ұшыраған аймақтарда тұрған және тұратын азаматтарға біржолғы ақшалай өтемақыға кепілдік беріледі. Мұны осыған дейін 1,1 миллионнан астам адам алған. Өтемақының мөлшері тұратын аймағы мен кезеңіне қарай жеке анықталады”, – деп мәлімдеді еңбек министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстанда полигоннан зардап шеккендерге қандай көмек қарастырылған?
- Радиациялық тәуекел аумақтарында тұратын халық қосымша ақылы демалысқа құқылы;
- Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен аумақтарда тұратын әйелдерге декреттік демалысқа ұзағырақ шығуға болады;
- Ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқан және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандар зейнетақыны көбірек алады;
Ядролық жарылыстар мен сынақтардың радиациялық әсерінен мүгедек болған азаматтарға төленетін жәрдемақы мөлшері:
ЕТКД – ең төменгі күнкөріс деңгейі. Қазақстанда күнкөріс деңгейі – 46 228 теңге.
- 1-топ мүгедегі
3,22*ЕТКД = 3,22 * 46 228 = 148 859 теңге;
- 2-топ мүгедегі
2,75*ЕТКД = 2,75 * 46 228 = 127 127 теңге;
- 3-топ мүгедегі
2,31*ЕТКД = 2,31 * 46 228 = 106 781 теңге.
Семей ядролық сынақ полигонына жақын аудандарда жұмыс істеген немесе әскери қызметте болған азаматтардың еңбек өтілі ерекше тәртіппен есептеледі.
- 1949 жылы 29 тамыз – 1963 жылы 5 шілде аралығында атқарылған жұмыс пен әскери қызмет 3 есе көбейтіліп есептеледі. Мысалы, егер адам осы кезеңде 5 жыл жұмыс істесе, оның еңбек өтілі ретінде 15 жыл болып саналады.
-
1963 жылы 6 шілде – 1992 жылы 1 қаңтар аралығындағы жұмыс немесе әскери қызмет 1,5 есе көбейтіліп есептеледі. Егер адам осы кезеңде 5 жыл жұмыс істесе, оның еңбек өтілі 7,5 жыл болып саналады.
“Бұдан басқа Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға жергілікті атқарушы органдардың тарапынан жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай әлеуметтік көмек және басқа да көмек түрлері көрсетілуі мүмкін. Әр өңірде жеке жергілікті уәкілетті органдардың шешімі бойынша бюджетке байланысты атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесі, сондай-ақ әлеуметтік көмектің мөлшері белгіленеді”, – делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтар кешенді медициналық тексеруден өтеді. Тіркелген жері бойынша емхананың жолдамасы бойынша Семей медициналық университетіне қарасты Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты базасында консультациялық-диагностикалық және стационарлық көмек ала алады.
Демек Қазақстанда Ресейде көрсетілген жеңілдіктер жоқ. Яғни Семей полигонынан зардап шеккендерді салықтан босату, коммуналдық төлемінің жартысын өтеп беру, жерді кезектен тыс беру сынды басымдық қарастырылмаған.