"Отбасыда әсіресе ұлдарға әкенің үлесі, үлгісі, тәрбиесі керек": Неге Қазақстанда әке тәрбиесі туралы көп айтыла бермейді
Фото: Unsplash.com
Қазақстанда неліктен әке тәрбиесі туралы көп айтылмайды? Біз осы сұрақты мамандарға қойып көрдік. Олар әке туралы аз айтылатынын мысалға келтіріп, үлгі болатын әкелер мен отбасыларды көбірек көрсету керек дейді. Әрі әкелер де баланың тәрбиесіне көбірек араласса, бәлкім сонда жеткілікті айтылар деп үміт білдірді. Stan.kz ақпарат агенттігіне Әкелер одағы мен еліміздің психологтары осы тақырып жөніндегі пікірін айтты.
"Көпшілік жиналатын орталарда әкенің рөлі, ер адамның орны туралы сөз қозғалуы керек"
Психолог Ермек Нұрымов бүгінде әкелер, ерлер туралы қоғамдық пікірдің өзі екі алуан болып тұрғанын атап өтті. Ол осындай алмағайып кезеңде әке тәрбиесі, оның отбасыдағы орны туралы жеткілікті деңгейде айтылып, инфлюенсерлер де жақсы әкелерді насихаттағаны жөн деп есептейді.
"Қоғамның өзі қазір екіге бөлініп кетті ғой. Әкелер сөйлесе, абьюзер, тиран дейді. Қоғамдық резонанс пен ой-пікір осылай қалыптасып бара жатыр. Әке тәрбиесі туралы естиміз, бірақ жеткілікті деңгейде емес. Жеткілікті деңгейде қозғалуы үшін журналистер, инфлюенсерлер, блогерлер қоғамда осыны мәселе ретінде назарға алып, айтса, адамдар көңіл бөлетін еді. Әкенің орны туралы көбірек айту керек, ажырасқан отбасыларда “әкесі дұрыс қарамады немесе кикілжіңдерге әкесі кінәлі болды” деп бір жақты қаралмай, жан-жақты қарастырылуы керек. Әр отбасыда бала қандай мәселелердің салдарынан бұзық немесе басқаша болғанын біз білмейміз.
Оның сөзінше, қоғамда да ерлердің үлесі, дәрежесі төмен болып кетті.
“Соның бәрін әлеуметтік желіден көріп жүрген балалар бар. Қандай сабақ, тренинг, курс болсын, қатысушылардың 90%-ы қыздар, әйелдер. Дамуға, өзгеруге ұмтылыста ерлерді көп көрмейміз. Осыдан да "ерлер анандай, ерлер мынандай" деген мәселе ушығып жатады. Осындай көпшілік жиналатын орталарда, коучингте, тренингтерде әкенің рөлі, ер адамның орны туралы сөз қозғалуы керек. Сонда еркектің абыройы, оларға деген көзқарас жағымды жағынан өзгерер", – деп пікір білдірді психолог.
"Әкесі бала тәрбиесімен айналысып жатқанда ортаға анасының кірмегені абзалырақ"
Психолог қазір әкелердің қоғамдық өмірде үлесі мен дәрежесі төмендеп тұрғанын да мысалға келтірді. Дегенмен бұл әкелердің көбі жауапкершіл емес дегенді білдірмейді деп түсіндірді. Осындайда бүкіл тәрбиені анасы қолына алмай, әкесіне де жауапкершілік артқаны жөн дейді ол.
"Екінші мәселе тағы бар. "Әкелер жауапкершіліктен қашады, ерлер бала тәрбиелей алмайды" деп жатады. Бұл әкесі балаға тәрбие беріп жатқанда ортаға анасы кіріп, қосылуынан болады. Еркек болған соң ол үйде баласына еркекше ұрсуы мүмкін. Балаға ақырындап кім абыройлы екенін, үйде кімді тыңдау керек екені көрсетілуі керек. Жалпы бала тәрбиеге кім жауапты екенін білуі керек. Әкесі бала тәрбиесімен айналысып жатқанда ортаға анасының кірмегені абзалырақ. Өйткені екінші адам кіріскенде баланың тәрбиесі де, психологиясы да тағы өзгереді. "Мені мұнда тиран, абьюзер ұрып-cоғып жатыр, мені құтқар, анашым, сен құтқармасаң мені өлтіреді" деген сияқты әкенің образын жағымсыз жағынан қалыптастырады. Әрине, осыдан соң отбасылық институт бұзылып жатады", – деп түсіндірді психолог.
"Отбасыда әсіресе ұлдарға әкенің үлесі, үлгісі, тәрбиесі керек"
Психолог Ермек Нұрымов мектептегі тәжірибесінде ата-анасы ажырасқан отбасыларда әкесіне қатысты мәселелер әсіресе өзекті болғанын байқаған. Сондықтан қандай отбасы болсын әкенің араласуы, жауапкершілігі, ер мінезді көзқарасы аса қажет екенін айтты.
"Әкенің отбасыдағы, бала өміріндегі орны, рөлі өте жоғары. Мектептегі оқушылармен жұмыс істегендіктен бұны тәжірибе жүзінде байқаймын. Кейбір отбасыларда ерлі-зайыпты ажырасқанда ортадағы балада әкесіне қатысты мәселелер туындайды. Бұған анасының әкесіне деген көзқарасы да әсер етеді. Бірақ жасөспірім жасқа келгенде, 7-сыныптан бастап ұл баланың анасын тыңдауы өте сирек. Өзімнің тәжірибемде байқағаным, балалардың 70%-ы бұл жаста анасын тыңдамай кетіп жатады. Сондықтан да үйде әке болғаны, оның бала тәрбиесіне араласуы өте маңызды. Бала бұзықтық жасағанда оған түсіндіріп, ескертіп отыратын әкесі болмаса, әкенің мысы, әкелік мінезі шектеу қоймаса, бала анасының сөзін құлаққа ілмеуі мүмкін. Мұнда еркектік мінез, еркектің инстинкті рөл ойнайды, ер адамды кейде ер азамат қана баса алады. Мысалы, бала бәйгеге шапқанда аттың басын кейде жібереді, кейде бала тартып отырады. Тура осы сияқты баланы да еркіндікке шапқан кезде керек кезінде тартып отыру керек. Тартып отыратын ер мінезді адамдар болмаса, орнын анасы баса алмайды. Қазақ "Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды" деп бекер айтпаған", – дейді Ермек Нұрымов.
"Әдетте әкелер бүкіл әулетке, ауылға жауапты болған"
Қазақстанның "Әкелер одағы" РҚБ төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбеттің сөзінше, әкенің отбасыдағы орны анасынікімен тең, тіпті ауыр. Себебі әдетте әкелер бүкіл әулетке, ауылға жауапты болған.
"Анасының орны қандай болса, әкесінікі де дәл сондай. Баланың өміріне екі жақ бірдей жауапты. Айта кету керек, әр әкенің жүгі анадан едәуір ауыр. Халқымыздың ер азаматтары өз шаңырағына ғана емес, түгел әулетке, ауылға жауап берген емес пе? Осыдан-ақ қорытынды шығара беріңіз", – дейді Мақсұтбек Айтмағанбет.
Төрағаның айтуынша, әке тәрбиесі туралы көп сөз қозғау әкелердің іс-әрекетімен қатар жүруі керек. Сонда нәтижелі болады.
"Әке тәрбиесі туралы айтылмайды емес, жазылып, қозғалып жатыр. Бірақ, айтып қана қоймай әр әке баласының білімді, мәдениетті, денсаулығы мықты болып өсуіне уақытылы көңіл бөліп, дұрыс тәрбие берсе екен. Маңыздысы осы. "Тәрбие тал бесіктен" екенін ұмытпау керек", – дейді ол.
"Бетке ұстар азамат әкелерді көбірек көрсетуге сұраныс бар"
Мақсұтбек Айтмағанбет үлгілі әкелерді түрлі шаралар арқылы ынталандырып әрі көпке көрсетуді қолдайды. Жақсы үлгінің маңызы көп дейді ол.
"Әке тәрбиесі туралы жеткілікті айтылып, жазылуы үшін ең әуелі жақсы үлгі керек. Үлгі де жетеді, жоқ емес. Бетке ұстар азамат әкелер жайында көбірек айтылып, дәріптесе, оларды көрсетсе, жақсы болар еді. Жақында өткен "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсында да үлгі болып жүрген көптеген әкелерді көрдік. Олар әдетте өздері туралы айта қоймайды. Дегенмен олар туралы біз айта жүргеніміз жөн. "Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын" деген сөз бекер айтылмаған ғой. Сонда көшіміз түзелер деп санаймын", – деп пікір білдірді "Әкелер одағы" РҚБ төрағасы.
"Бағасы Еуропадан 10 есе төмен": Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Германиядан шетелдіктер медициналық көмек алуға келеді