"Ақботаның қарғысы ма деп қорқам кейде": Танымал әнші отандық журналисті неге қарғады?
"Ел аузында", "Гугулет" сынды телебағдарламалардың продюсері, танымал журналист Зарина Муслим әншілерге неге менсінбеушілікпен қарайтынын және "лақтырып кететін" жұлдыздар туралы Stan.kz тілшісіне ашық сұхбат берді. Орамалды имидж үшін тақпаймын дейтін өткіртілді журналист біраз әншіге ренжулі екен. Олардың арасында өзін қарғаған Ақбота Керімбекова, сөзінде тұрмайтын Еркін Нұржанов та бар.
Солтүстіктің қыздары көбінде оңтүстікке келін болғысы келмейді. Қарағандының тумасы Жетісайға қалай келін болды?
Бұл – тағдыр. Күйеуіммен құрбым таныстырды. Тек Шымкенттік болу керек деп арнайы іздеген жоқпын. Ол кезде күйеуім медреседе оқитын еді. Мен де дін жолындағы, діни сауаты бар адамды іздедім.
Оның үстіне, маған ұнайтыны Оңтүстікте салт-дәстүрдің берік сақталғандығы. Қарағандыда ондай емес. Тіпті, беташардың өзі басқаша өтеді. Келіннің екі жағынан жеңгелер сүйемейді. Қыз жолдас пен жігіт жолдастың қолына ақ мата беріп қояды. Сол матаның артында үйленіп жатқан жігіт те тұрады. Құдды бір ол да бет ашып тұратын сияқты. Мұның дұрыс емес екенін мен сияқты журналистика немесе филология факультетін бітіргендер біледі. Бірақ, біз тіпті тума-туыстарымызды да тәрбиелей алмаймыз. Себебі азбыз.
Мақсат Толықбай: Зиялы қауым сияқты көзімді жұмып, көрпенің астында бұғып жата алмаймын >>
Қарағандыны туған жерім ретінде жақсы көремін, тек салт-дәстүрден дүбәра боп бара жатқан жерлестеріме жаным ашиды. Ал келіндері басынан орамалын тастамайтын, атасын, қайын ағаларын атымен атамайтын, сәлемін салып жүретін оңтүстікке келін болғаныма өкінбеймін. Қайта балаларым да қазақы дәстүрді көзімен көріп өседі.
Күйеуіңіз дін жолындағы адам деп қалдыңыз, демек, сіздің сыртқы образыңызға тікелей әсер етіп отырған күйеуіңіз бе? Әлде бұл телеарна үшін арнайы жасалған имидж ба?
Жоқ. Керісінше діни парыз болғандықтан орамал тастамай тағып жүремін. Мен әлі де болса парызымды дұрыс орындай алмай жүрмін. Қазіргі үстіміздегі парыз етілген киім емес. Хиджап киіп, оранып жүрген кездерім де болды.
Бірақ арақ-шарапсыз өтпейтін, тарс-тұрс, гүрс-гүрс музыка қойылатын жұлдыздардың мерекелеріне оранып бару екі жүзділік болатын сияқты. Әзірге мен жүрген сала шоу бизнес болғандықтан, осылай жай ғана тюрбан таққаным дұрыс көрінеді өзіме.
Орамал тағып жүріп шоу бизнеске қалай келдіңіз? Білдіңіз ғой осылай боларын...
Мен шоу бизнеске орамал тақпаған кезде, дін туралы мүлдем бейхабар кезде келдім. Қарағандыда журналистика мамандығы бойынша оқып жүріп "Ұлдар емес" КВН командасымен Алматыға келгенде бұл менің қалам екенін бірден біліп, қалайда осында қалуды ойладым. Екінші курста оқуымды Алматыға ауыстырып алдым. КВН ойнап жүргенде, Хит тв арнасының бас редакторымен таныстым. Ол маған каналға кел деп ұсыныс жасады.
Сол арнада басында жай тәжірбие алу үшін бастап, бір айдан соң қалай шоу бизнеске кіріп кеткенімді білмей қалдым. Бір жағы КВН ойнағаным өзіме көп көмегін тигізді. Сұхбаттарға барсам танып жатады. Соның өзі алға жылжуға стимул еді. Маған сахна туралы жаңалықтар жазу оңай. Себебі сахнаның не екенін өзім де жақсы білемін.
Мүмкін шоу бизнес өкілдерінің өмірі ұнап, солар сияқты танымал болуға ұмтылған шығарсыз?
Олар сияқты танымал болуға ұмтылсам, орамал тақпай, эфирге шығуға талпынар едім. Мен керісінше, актриса ретінде шақырған жобалардан бас тарттым. Себебі олардың талабы бойынша, орамалсыз жүруім керек еді. Оның үстіне, мен әртіс болғым келмейді, шоу бизнестің өкілі де болғым келмейді.
О баста шоу бизнесті қалап келмегеннен кейін өмір бойы оны менсінбей келе жатырмын. Мен өзімді шоу бизнестен жоғары санаймын. Сол себепті де шығар, көп сынаймын. Әртістер ренжісе ренжи берсін.
Өзім продюсерлік ететін "Ел аузында" бағдарламасында да бір әртісті сылап-сыйпап, мақтап жазбағанмын. Мен Мадина Садуақасованың өз аузынан «Ел аузында» шығыпты. Зарина не жазды екен біз туралы» деп қызығып оқып отырғанын көргенде таң қалдым. Оларға да сол ұнайды екен. Сылап-сыйпап мақтағаннан гөрі оларға сын естіген ұнайтынын байқадым. Себебі сынға ілінсең сен барсың, жұмысыңды елеп-ескеріп жатыр деген сөз.
Иә, сынағанды жақсы көремін. Бірақ бас салып сынай беру де – мақсатым емес. Әртістің еңбегі шынымен ұнап жатса, жақсының жақсылығын айтпайды емес, айтамын. Ал, шоу бизнестен жоғары санаймын дегенім, әртістерден немесе шоу бизнестегі адамдардан артықпын деп айтып тұрғаным жоқ.
Шоу бизнестің өзінен, ол туралы жазудан, яғни өсек айтудан жоғарымын. Басқа салаға барсам да потенциалым жететініне сенемін. Сол себепті шоу бизнеске менсінбеушілікпен қараймын.
Әншілердің өзі менің бұл мінезімді біліп қалған. Сұрақты қалай қоятынымды біледі.
Мысалы, Меруерт Түсіпбаеваны сұхбатқа шақырғанда: "Екі жерге сұхбатқа шақырған еді. Бірақ мен саған келдім. Өйткені, сенің сұрақтарың жақсы, екіншіден иманың бар. Кесіп-кесіп өтірік нәрсе шығармайсың" дегені бар. Менің басқалардан арттықшылығым да осы шығар.
Күйеуіңіз медреседе оқып, діни сауат ашқан деп қалдыңыз. Әдетте ер кісілер жарының үйінде отырғанды қалайды. Сіздің жұбайыңыз қарсы емес пе?
Мүлдем қарсы емес. Тіпті, қызғанбайды. Керісінше, кейде өзім оған: неге сен мені қызғанбайсың деп ренжимін. Сонда ол: «Басында орамалы бар, жүрегінде иманы бар қыз іздедім. Не үшін? Осылай қызғанышқа басымды ауыртпау үшін. Сенің миың бар. Жүрегіңде иманың бар. Одан артық не керек?! Басқасын ұятың білсін» деді. Демек, ол маған сенеді.
Дін жолындағы қыздар әдетте ибалы, сыпайы келеді, сіз эфирге шықсаңыз бір пікірге қарсы пікір айтып, тіпті, көтеріліп кететін мінезіңіз бар.
Орамал тағатын қызардың да түр түрі бар. Оның бәрі жүректегі иманға байланысты. Орамал тағып, иманды болып көрініп, тұрмысқа аяғы ауыр боп шыққан қызды да танимын. Қалай барсың, солай боямасыз жүрген дұрыс па әлде екіжүзділік дұрыс па? Ал эфирлерде жұлып жеп отыру, ұрсысу дегеннің барлығы менің кез келген нәрсеге нем құрайлы қарай алмайтындығымнан.
Сол эфирге сарапшы болып барған басқа адамдараға ұқсап мен де бір екі сөз айтып, күліп, әдемі болып кетуіме болар еді. Мен олай істей алмаймын. Оның үстіне кадр сыртында көп жүрген соң, бағдарламада көрерменнің назарын аударардай бірнәрсе айтылмаса, оның қызықсыз өтетінін білемін. Қызық әрі рейтингі жоғары болу үшін ол бағдарламада қызық бір дүние болу керек.
Бұл арзан хайп қуып кету емес пе?
Жоқ, хайп қуалағым келсе, болмайтын нәрселерді айтып кетуші едім.
Тік мінезіңізден өкініп қалған кездеріңіз болды ма?
Кедергі болған кездері болды. Мысалы, басшылықтың алдына барғанда каналга не керек, не керек емес екенін тіке айта саламын. Оларға ол мінезім ұнамайды. Тексеріс келгенде де жағымпаздану деген жоқ. Ешкімге жағымпаздана алмаймын. Осы мінезді Алла берді осы мінезбен ақыретке барамын.
Бағдарламаға жүргізуші таңдаған кезде де канал басшылары елдің алдында әбден танылып қалған бейнелерді қойғысы келеді. Ал танылғысы келетін қанша талантты жастар бар. Оларды қашан шығарамыз? Сондай дүниелерді айтқанымда, басшыларға жақпай қаламын.
Шоу бизнесте жүргеніңізге 12 жылдай уақыт болды. Осы жылдар арасында бетіңізден қаққан кездер болды ма?
Болды. Димаш әлі танылмаған кезде ол туралы сюжет жасадым. Канал басшылығы "оны кім таниды" деп сюжетті эфирге шығармай қойды. Араға уақыт салып Димаш Қытайдағы жарыстан жеңіп келген соң, менің Димашқа қолым жетпей қалды. Мен оның алдында дұрыс адам болмай қалдым. Өйткені оның командасының алдында мен туралы дұрыс көзқарас қалыптасқан жоқ.
Одан кейін Қайрат Нұртасты өткізе алмайтынмын еш жерге. "Екі жұлдызға" ол тойдың әншісі деген сөздермен қатыстырмай отырғанда "оны қатыстырайық, рейтинг жинайды" деп жүріп, сол жобаның музыкалық продюсері Фарида Ниязовамен бірге, жоғары басшылыққа әрең өткіздік. Сөйтіп жүрген Қайрат Нұртасың Ресейлік каналдардан шығып, ТМД-ға таныла бастады.
Марқұм эллюзионист Алтынай Байтоқанованы эфирге шығарайықшы деп қанша жалынғаныммен шығармайтын. Қазір архив болып қалатын еді. Саясат ауыр дегенмен шоу бизнестің де өз саясаты бар.
Бізге берген сұхбатында Анна Данченко танауы аспандап кеткен жұлдыздардан сұхбат алмаймын деген. Сіздің "қара тізіміңізге" кімдер ілінді?
Менде қара тізім деген жоқ. Мұсылманның үш күннен артық кек сақтауы – харам. Бірақ көңілімді қатты қалған өнер иелері бар. Мен қатты өкпелеген адам – Еркін Нұржанов. Бұл жағдай сонау Хит тв істеп жүргенде басталған. Ол негізі журналистерді көп ренжіткеннен де қазір эфирден көрінбей кетті деп ойлаймын.
Еркінді әншілердің ішіндегі нөмері бір "лақтырбай" деп атайтынымыз да бар. "Компромат" деген бағдарламада Еркін келеді деген соң, сұрақ қоясыңдар деп шақырды. Төрт сарапшы дайын отырмыз. Еркін тамақ ішіп келем деп кеткен. Сол бойы жоқ. Еркін "Жігіттерден" шыққан соң ерекше танылып кетті. Жұлдыз ауруымен ауырды ма белгісіз? Журналда істеп жүрген кезімде сұхбат алуға келісіп, ертеңіне телефонын алмай қоятын кездері көп болды.
Бұдан былай Еркіннен сұхбат алмайсыз?
"Қара тізімде" жатыр деп айтпаймын. Керісінше сұхбат алып, "неге лақтырып кете бересің?" деп сұрайтын едім.
Тізімді жалғастырсақ...
Екінші Ақбота Керімбековаға өте қатты ренжігенмін. Ол кісі үшінші рет тұрмысқа шыққанда, "Ел аузында" сюжет жасап, анонста "Ақбота Керімбекованың номері үшінші күйеуі кім?" деген тақырыппен шығарғанбыз. Ол тек анонс қана. Сол сюжетте біз оған бақыт тілеп, тек жақсы жағынан жаздық. Ол оны көрген де жоқ. Маған хабарласып: "Сен неге олай сөйлейсің? Басыңа келсін" деп қарғады. Күйеуіммен сөзге келіп қалсам, Ақботаның қарғысы орындалып жатыр ма деп қорқам кейде (күліп).
Үшінші қатты өкпелеткен адам Ерболат Беделхан. Өзін де, "91" тобын да сұхбатқа шақырдым. Маған ол "қызық емес" деп сұхбат беруден бас тартып жүрді. Оның үстіне НТК каналымен келісім бар деп сылтауратты. Онда өзімнің Youtube контентіме келіңіздер дегенімде оқырман саны қанша екенін сұрады. Он мыңнан асатынын айтқанда: "Менің 250 мың оқырманымның қасында сенің 12 мың оқырманыңнан не пайда?" деді. Қатты көңіліме алып қалдым. Бірақ кек сақтамаймын. Кейін олар Кореядан жеңіп келген соң, "Ел аузында" бағдарламасына сұхбат берсек бола ма деп өздері сұранып келді.
Басында Төреғалимен де жақсы араласпай жүрдік. Бірақ оның көмекшісі маған хабарласып, Төреғали кино шығарайын деп жатыр, сұхбат берсек бола ма деп өздері келді. Сол кезде Төрештің де халықтан кешірім сұрап, депрессияда жүрген кезі еді. Оның кешірім сұрағанынының өзі рейтинг. Бір-бірімізге пайдамыз тиді былайша айтқанда.
Біздің шоу бизнеске не жетіспейді?
Той әндерін қатты сынаймын. Өйткені ол әндердің сөзі де әні де сапасыз. Олқылықтар көп. Мәселен, «сегіз жарым, тоғыз жарым, он жарым, сен қайда жүрсің» деп келетін бір ән бар, «жүрегіңді аш, аш» деген ән бар. Не мағына, не ой көріп тұрсыз? Сосын: «қысық көзді қытай қыздан қазақ қыздың ботадай көзі әдемі, біз мұрынды біздің қыз тұрған кезде, тау мұрынды тау қызы неге әдемі? Орыстың бетіндегі секпілінен, қазақтың бетіндегі меңі әдемі» деген мәтінді ән бар. Комплекске толы ән. Қытайдың бір қызы мына әннің сөзін түсінетін болса қалай болады ойлаңызшы.
Қытайдың қыздары келіп сотқа берсе, моральдық зиян келтіргеніміз үшін ақша төлейміз. Біздің оларға сығырайған көздісің деп айтуға құқығымыз жоқ. Өзіңнің әдемілігіңді біреудің минусы арқылы көрсету дұрыс емес. Қазақтың қызының әдемілігін біреумен салыстырып керек емес. Біреуді жамандау арқылы әдемі болмай-ақ қойдым. Қазақ қызының әдемілігін сипаттау үшін, біреудің кемшілігін тауып, оны әжуалаудың қажеті жоқ.
Жанар Хамитованы қолдаған, сөзін сөйлеген адамның бірі өзіңіз. Үш ай болған жоқ сахнадан кетемін, шаршадым деп мәлімдеп жатыр. Бұған не дейсіз?
Жанар шығармашылық адам. Ол, тіпті, хайптың не екенін де білмейді. Жанарды басып тастаған халықтың өзі ғой. Бір жанжалын көріп еді бітті, жерден алып жерге салып, быт-шытын шығарды. Жанар тұрмақ оған жазылған сөздерді көргенде шоу-бизнестен менің өзім кетіп қалғым келеді. Аузына келгенін жазады. Тыныш жүрген Жанарды неге тисе береді, неге жанши берді?
Бұдан бөлек халық қай жерге дейін бару керек нормасын білмейді. Мәселен, әлеуметтік желілерде мені және қыздарымды қарғап-сілеп пікір қалдырады. Қарғыс айтуға болмайтынын, оның өз басыңа бәрібір айналып келетінін неге халық түсінбейді? Өнерге қатысты сын айтса, ол басқа. Адамның жеке басына қол сұғуға заң тұрғысынан да, адами этика тұрғысынан да ешкімнің құқығы жоқ.
Cұхбаттасқан: Жанна Мәлік
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.