Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тіл үйренемін деп адамдарға көмектесуді шештім": 12 жыл қоғамдық жұмыспен айналысып жүрген шымкенттік ару қызықтарымен бөлісті

Қоғамда тасада жүріп-ақ айналасына тегін қызмет ететін жандар бар. Солардың бірі – 2011 жылдан бастап еріктілік қызмет атқарып келе жатқан 31 жастағы Данара Саранова. Бүгінде ол мұқтаж отбасылар мен қарт адамдарға және балалар үйіне көмектесетін шымкенттік “АSAA” жастар қоғамдық бірлестігінің президенті. Ағылшын тілін үйренуге ниеттенген Данара сол жолда еріктілікке қалай тез кірісіп кеткенін өзі де байқамай қалған екен. Шымкенттік ару Stan.kz тілшісіне қоғамға қызмет жолындағы естеліктері мен қызықтары туралы айтып берді. 

Данара Саранова мектеп кезінен ағылшын тілін үйренуге қызығушылық танытқанын есіне алды. Айтуынша, 9 сынып оқып жүргенде ұстазы шет тілін меңгеруге таптырмас тәжірибе беретін “English Access Microscholarship Program” бағдарламасы туралы айтқан екен. 

“Мүмкіндікті пайдаланайын деп осы жоба арқылы ағылшын тілін меңгеру мақсатында 2 жыл білім алдым. Ең қызығы да сол нәтижесінде тек ағылшын тілін ғана емес, көшбасшылық қабілетті жетілдіріп, еріктілер жұмысына бет бұра бастадым. Атап айтқанда түрлі еріктілер ұйымымен кездесіп, олармен бірге әртүрлі акциялар ұйымдастырып, қарттар үйіне барып көмектесіп жүрдік”, – деді Данара. 

Данара 2008 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жоғары Халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түскен. Ол осы сәттен бастап, еріктілік қызметке шындап кіріскенін айтады. 

Бастапқыда жеке волонтер ретінде өзге ұйымдармен ілесіп жүрген Данара кейін өзі секілді достарының басын бір арнаға қосуды шешкен. Сол себеппен 2011 жылы “ASAA” жастар қоғамдық бірлестігін құрған. 

"2019 жылы Астанадағы Ұлттық еріктілер желісімен таныс болдым. Еріктілер ұйымының Қазақстан көлемінде үлкен қызмет атқарып жүргенін білдім. Біз сол ұйымның Шымкент қаласындағы құрамы болдық. Біздің ұйымда 40-тан астам адам қызмет етеді. Қарттарға, Ұлы отан соғысының ардагерлеріне және мұқтаж отбасыларға көмектесеміз. Қоршаған ортаны және ондағы тіршілік иелерін қорғаумен айналысамыз” – деп қосты ол. 

Талай тағдырларды көріп жүрген соң сәл ауыртпашылық болады

Сондай-ақ Данара көшбасшылық ететін ұйым қазақстандық жастарды еріктілік, қоғамдық жұмыстарға атсалысу бағытында тәжірибе алмасуға шетелге жіберіп отырады. 

“Былтыр 4 адам Еуропаға барып келді. Одан бөлек 20 адамды Армения, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдерге жібердік. Мұның бәрі еріктілерге үлкен қолдау мен күш жігер береді”, – деді “ASAA” жастар қоғамдық бірлестігінің президенті. 

Еріктілікті хоббиына айландырған Данара энергияны отбасы мен еріктілер жұмысының нәтижесінен алатынын сөз етті. 

"Неше түрлі оқиғалардың ортасында жүріп, талай тағдырларды көріп жүрген соң сәл ауыртпашылық болады. Себебі ерікті болу күш қуат пен ресурсты қажет етеді. Алайда өз үйіме келген соң сырттағы мәселелердің бәрін ұмытамын" - деді Данара.

Жастар қоғамдық бірлестігінің президенті басынан өткен қызықты оқиғасымен де бөлісті.

"Бірнеше жыл бұрын алты адам делегация болып Арменияға он күнге білім алуға бардық. Халықаралық конференцияға қатысып, жаңа жобалармен таныстық. Қайтар кезде бір қызық жағдайға тап болдық. Әуежайға келсек біз мінетін ұшақ жолаушыларын отырғызып, елге ұшып кетіпті. Топтағы еріктілер дүрбелең жасамай-ақ, әп сәтте мәселенің нақты шешімін тауып, елге ұшатын жол таптық. Сол сәтте еріктілердің қандай іс туындаса да оны артық сөзсіз, дүрбелеңсіз шеше алатынына көзім жетті" - деді Данара Саранова.

Талқылау